Елордада опера жұлдыздарының ауқымды концерті өтті

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Astana Opera Халықаралық опера академиясының салтанатты ашылуына орай шетелдік әрі отандық опера жұлдыздарының қатысуымен театр сахнасында ғаламат концерт өтті. «Астана Операның» жетекші солистері мен шақырылған опера әншілері ең жоғарғы деңгейде музыкалық кештің кең ауқымды бағдарламасын паш етті деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі. 

Вокалистердің естен кетпес өнер көрсетулері, театрлық әсерлер, әртістердің сән-салтанатты костюмдері, италиялық шебер Серджио Металлидің эксклюзивті бейнепроекциялары аталмыш концертті музыкалық әлемде осы айда орын алған ең үздік оқиғаға айналдырды.
 


 

Театрлық көпшілік сахна көріністері көрермендерді ерекше таңғалдырды: сахна кеңістігіндегі әр бұрыштың өзіндік өмірі, тыныс-тіршілігі болды. Ал осынау тіршілікке атақты ресейлік опера режиссері Михаил Панджавидзе жан бітіріп, мизансценаларды керемет әрі айрықша талғаммен орналастырды.

Бұл кеште симфониялық оркестр әрбір нөмірде түрлі дыбысталды, дегенмен әрдайым нақты әрі дәл бола білді, себебі оған атақты әрі жоғары кәсіби дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, Джузеппе Акуавива (Италия), Руслан Баймурзин жетекшілік етті. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің басқаруымен хор әртістері де әріптестеріне дес бермей, шеберліктерін паш етті.


 

Айгүл Ниязова мен Саян Исиннің орындауындағы М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Айтыс пен Мереке би кештің шымылдығын ашты, ұлттық нөмірлер батыс еуропалық классикамен алмасты – С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасы, Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан көрініс, «Турандот» операсынан Калафтың ариясы және тағы басқа көптеген композициялар талғампаз көрерменді шаттыққа бөледі. Марианджела Сицилия, Риккардо делла Шукка, Маттиа Росси (Италия), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия), Бауыржан Әндержанов, Медет Чотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Талғат Мусабаев, Салтанат Ахметова, Азамат Жылтыркөзов, Альфия Каримова, Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан, Расул Жармағамбетов және т.б. опера сахнасының танымал есімдеріне тыңдарман тоқтаусыз қол соғып, «Браво!» деп ыстық ықыласын білдірді.


 

Мұндай маңызды концерттің қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Нұр-Сұлтанда алғаш рет өнер көрсету мүмкіндігі туды, осы шаһардың, осындай керемет театрдың тамаша энергетикасын сезіндім. Бүгін өзім үшін қашан да маңызды болған әрі маңызды болып қала беретін екі арияны – Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның ариясын және Дж.Вердидің «Травиата» операсынан Виолеттаның ариясын орындадым. Менімен бірге сахна төрінде «Астана Опера» Халықаралық опера академиясының бір бөлігі болып табылатын әншілер, оқытушылар өнер көрсетті, олардың орындаушылығына, дыбысталуына тәнті болдым. Жас дарындарды осындай жоғары деңгейде үйлестірілген академияда оқуға тарту өте маңызды деп есептеймін, - деп атап өтті Марианджела Сицилия.       

 

Жас әншілердің дамуы мен өз тәжірибесінің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берудің пайдасы зор деп білемін... Ла Скала театрының Академиясы маған осы мүмкіндікті берді, әлемдегі барлық жас әншілерге, оның ішінде жаңа Astana Opera Халықаралық академиясының вокалистеріне осындай тәжірибеден өтуге кеңес беремін, - деді Риккардо делла Шукка. 


 

Салтанатты кешке Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, театр қайраткерлері, музыкалық сыншылар мен басқа да мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері келді.

Естеріңізге сала кетейік, Astana Opera Халықаралық опера академиясы вокалистермен өз жұмысын осы күзде бастайды.


 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы