Елордада "Қолжетімді дәрігер" жобасы бойынша 51 нысан ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас қалада 2023 жылдың аяғына дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ісін ілгерілету мақсатында "Қолжетімді дәрігер" жобасы аясында 51 нысан ашылады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.


2018 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек (бұдан әрі-МСАК) ісін ілгері асыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Аталған тұжырымдаманы іске асыру қажеттілігі тұрғындардың жыл сайынғы белсенді өсуімен, қалалық емханалардың аумақтық бөлімдерінің жоғары жүктемесімен және қаланың бірқатар тұрғын аудандарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға 20 минуттық қашықтықтың болмауымен байланысты.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 5 мыңнан 25 мың адамдарға дейінгі халыққа қызмет көрсетуге есептелген "Қолжетімді дәрігер" жобасына үлгілік талаптарды, осындай объектіні жабдықтаудың ең төменгі стандартын, сондай-ақ МСАК әлеуетті қызметтерін іріктеу және жаңадан іске қосылатын МСАК объектілері үшін қызмет көрсету аумағын айқындау алгоритмін практикалық іске асыру үшін әзірледі, - делінген ақпаратта.

Сол ретте 2023 жылдың соңына дейін тұжырымдама аясында бірінші кезекте қала шетінде 51 "Қолжетімді дәрігер" нысанын ашу жоспарланып отыр. Ал осы жылы жоба аясында 11 нысан ашу жоспарланған, бірінші жарты жылдықта 8 есігін ашса, 2019 жылдың соңына дейін 30 мың адамды қамтитын 3 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.

"Қолжетімді дәрігер" нысанының ашылуы бірінші кезекте халық үшін 20 минутты қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етеді, амбулаторлық буынға шамадан тыс жүктеуді төмендетеді және халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызады. Соның нәтижесінде адам кезегі азаяды, азаматтарды қабылдау ретке келтіріліп, пациент, медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдайлар туындайтын болады.







Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы