Елордада оқушылар жас сарбаз атанып, ресми куәлік алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Отан қорғаушылар күніне орай Ұлттық әскери патриоттық орталықта «Жас Сарбаз – Тәуелсіздік тірегі» жобасы аясында қала мектептерінің бірқатар оқушысы жас сарбаз атанып, ресми куәлік алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Шара Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің, «Астана Жастары» мекемесінің және Ұлттық әскери патриоттық орталықтың қолдауымен, «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйымдастыруымен өтті.


«Жас Сарбаз» тәрбиеленушілерімен офлайн форматта кездескен қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жассарбаздықтардың ант қабылдауына куә болып, ары қарай оқушылар құрастырған роботтар көрмесін тамашалады.


Осыдан үш жыл бұрын Елбасы жастар арасындағы отансүйгіштік сезімді ояту үшін, патриоттық бағытта тәрбие беру мақсатында «Жас сарбаз» ұйымын құруға тапсырма берген болатын. Осы аз уақыт ішінде қаншама оқушы жассарбаздық атанып, толағай табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жассарбаздықтар қайырымдылық шараларына белсене араласып, өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Алда келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен, Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен сіздерді құттықтаймын. Отан отбасынан басталады дейді. Сондықтан балаларды жастайынан бастап отансүйгіштікке, елі мен халқына, жеріне адал қызмет ететін адами құндылықтарға баулу өте маңызды. Бүгін ант қабылдаған жас сарбаздықтардың болашағынан үлкен үміт күтеміз, - деді қала әкімінің орынбасары.


Отан қорғаушылар күніне орайластырылған іс-шара санитарлық нормаларды толықтай сақтай отырып өтті.


Айта кетейік, 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жастардың әскери-партиоттық тәрбиесін дамыту мақсатында еліміздің барлық өңірінде «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Бұл бастаманы жүзеге асыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен «Жас Сарбаз» қозғалысының филиалы құрылып, қарқынды түрде жұмыс атқаруда. Бүгінде елордамызда 90 мектеп пен 35 колледжде «Жас Сарбаз» сыныптары мен клубтары құрылып, тәрбиеленушілер саны 7000-нан асып отыр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы