Елордада қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы іске қосылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа сервис қалалық ортаны жақсарту, сондай-ақ бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау мақсатында құрылған. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы «Астана – адалдық алаңы» жобасын іске асыру аясында енгізілді.Карта – бұл сыртқы ресурста бөлінетін бюджет қаражатын көрсету және бақылау, шағымдар, пікірлер жинау және ақпаратты талдау үшін жалпы қолжетімді сервис.
«Егер жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, немесе керісінше, жол қанағаттанғысыз жағдайда және жөндеу жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілмесе, азаматтар интерактивті карта сайтына кіре алады (www.publicbudget.kz). Қала картасынан нысанды тауып, тиісті пікір қалдыруы қажет. Хабарламаларды жедел шаралар қабылданатын жоба қызметкерлері қадағалайды», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек.
Оның айтуынша, ресурста бөлінген қаражат пен жұмыстарды жүргізу барысы туралы мәліметтер жинақталған.
«Осылайша біз Азаматтық бақылау институтын күшейтіп, елорда тұрғындарының қалалық процестерге тартылу көрсеткішін арттырғымыз келеді», - деп атап өтті А.Тұрлыбек.
Картада жолдарды жөндеу және салу жөніндегі деректер ғана емес, мектептер, емханалар сияқты барлық әлеуметтік нысандарға бөлінген бюджеттік қаражат жөнінде мәліметтер көрсетілген.
Елорда тұрғындары қандай да бір объектінің қызметіне қатысты кез келген сипаттағы өтінішті қалдыра алады. Бұл мектептерде іріктеуге қатысты сауалдар, емханада медициналық қызмет көрсетудің сапасы немесе мемлекеттік органға шағым болуы мүмкін.
Практикалық сервис көмегімен елорда тұрғындары қалалық ортаны жақсарту бойынша шағымдар мен ұсыныстарды қалдыра алады, сондай-ақ бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды жүзеге асыра алады. Өз пікірлеріңізді www.publicbudget.kz сайтында қалдыра аласыздар.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
СҚО-да ет комбинаты іске қосылды
Өзгелердің жаңалығы