Елордада мыңнан астам әскери қызметші сенбілікке шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарулы күштердің гарнизондарында әскери қалашықтар мен елдімекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау сенбіліктері өткізіліп жатыр, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан қаласында өткен қоғамдық іс-шараларға Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының департаменттері мен басқармаларының, бас қолбасшылық басқармаларының, әскери бөлімдер мен мекемелердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы, сондай-ақ әскери колледждің тәрбиеленушілері қатысты.
Әкімшілік ғимараттарға іргелес аумақ тазартылып, әскери қызметшілер жайлы өмір сүруге арналып қоршалған жерлер де абаттандырылды.
Сенбілікке қатысқан Қарулы күштердің әскери қызметшілері «Birge – taza Qazaqstan» республикалық акциясы аясында елорданың экологиялық айлығын қолдайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жалпықалалық тазалық акциясын өткізу экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Сенбіліктерге қатысудың арқасында әр адам жайлы әрі таза өмір сүру үшін қаланы абаттандыруға өз үлесін қоса алады.