Елордада Мұсағали Дуамбеков атындағы аллея ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы саябақта экология саласына еңбек сіңірген қоғам қайраткері, экологиялық сарапшы Мұсағали Дуамбековты еске алу құрметіне орай аллея мен мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті.

Аллеяның ашылуына ғалымның туған-туыстары, жақындары, достары, әріптестері, мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Іс-шара кезінде Мұсағали Дуамбеков жайында естеліктер айтылды.


Халықаралық экология академиясының президенті, зайыбы Айгүл Әбдуалиева Мұсағали Дуамбеков тірі болғанда биыл 5 мамырда 60 жасқа толатынын айтты.

Мұсеке туралы білесіздер. Ол елдің азаматы болды. Жатқан жері жайлы болсын. Балаларым әлі 18-ге толмаған, қанаттары қатаймаған балалар. Бұл балалары да әкесі сияқты мықты, елдің азаматы болсын. Мұсеке тек қана отбасына ғана емес, қазақ еліне тірек болған азамат. Ол өзінің пікірін ашық айтып, адамның бетіне тура қарайтын азамат еді, - деп зайыбы естелік айтты.


Айгүл Әбдуалиева аллеяның ашылуына келген қонақтарға алғысын білдірді.

Мұсекең ауырған күннен бастап Айгүл Сағадибекқызы көмегін аямады. Туған апасындай қолдау алып жатырмын. Мұсеке сияқты елдің азаматысыз, рахметімді айтамын. Өзі қайтса да, ісі өлмейді. Бәріміз бір адам болып оның ісін жалғастырамыз деп ойлаймын, - деді ол.


Мұсағали Дуамбековтың 3 ұлы және бір қызы бар.

Ең кенжеміз – Исламғали. Исламғали көрсін деп, талды бірінші отырғызып, әкесінен жақсы болмаса, кем болмасын, әкесін әрқашан мақтан тұтсын деп, бір жағынан балама беріп жатқан тәрбием, - деп айтты зайыбы.

Аллея мен Мұсағали Дуамбеков атындағы мемориалдық тақта мен аллея Панфилов көшесіндегі «Городской Романс» тұрғын үй кешеніне қарсы орналасқан саябақта ашылды.


Аллеяның ашылуын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, Қазақстанның табиғатты қорғау ұйымдарының қауымдастығының қолдауымен Халықаралық Экология академиясы өткізді.

Мұсағали Дуамбеков - қоғам қайраткері, экологиялық сарапшы, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Халықаралық экологиясы академиясының президенті, Қазақстанның Азаматтық альянсының вице-президенті, ҚР Халықаралық «Еуразия» академиясының академигі, Қырғызстан Республикасы Халықаралық дәстүрлі және эксперименттік медицина академиясының академигі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, ҚРСыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Агенттігінің арнайы мониторинг тобының мүшесі.


Ол Халықаралық Экология академиясының, «Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық қорының, «Халықаралық экологиялық таза өнім өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ-нің, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықтық комитет» қоғамдық қорының негізін қалады.


Мұсағали Дуамбеков 15 жылдан астам уақыт бойы экологиялық таза өнімдер, қызметтер мен процестер индустриясын дамытып келді. Оның басшылығымен Халықаралық Экология академиясы TC / ISO 2007 «Экологиялық менеджмент» стандарттау жөніндегі Халықаралық ұйымының және Экологиялық маркалаудың ғаламдық жүйесінің (GlobalEcolabellingNetwork (GEN) толық мүшелігіне өтті. Ол ғұмыр бойы азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау, жасыл экономика мен экологияны дамытуға баға жетпес үлес қосты.


Айта кетейік, іс-шараның соңында марқұмға құран бағышталып, ағаш отырғызылды.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы