Елордада «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті елордада шетелдіктердің болуын бақылаудың тиімділігін одан әрі арттыру, заңсыз көші-қонды анықтау және жолын кесу мақсатында «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр.
Елордалық гарнизон қызметкерлері жедел алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзудың 633 фактісін анықтады.
Жылдың басынан бері келген шетелдіктердің 10 мыңға жуығы ТМД азаматтары, ал алыс шет елдерден 3,5 мыңнан астам адам келді.
Мысалы, елордаға алыс шетелден уақытша келген азаматтар Түркиядан 369 адам, Үндістаннан 148 адам және 317 Ұлыбритания азаматы. Елордада жыл басынан бері ТМД елдерінен 6200-ден астам Өзбекстан азаматы, 1251 Ресей азаматы, 871 Қырғызстан азаматы және Тәжікстаннан 973 адам келді.
Негізінен шетелдіктер елордаға жұмыс істеуге келеді, осындай мақсатпен келген шамамен 10 мың азамат тіркелді. Елордаға оқуға 588 шетелдік студент келген.
2022 жылдың басынан бері шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 1814 шетел азаматы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен елден 410 шетелдік шығарылды, - делінген хабарламада.
Полицейлер шығарып жіберу туралы шешімнің орындалмауы қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылатынын және қылмыстық заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері елордада шетелдіктердің болуын, олардың шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заңнама талаптарын сақтауын, олардың елден уақтылы кетуін тұрақты түрде бақылайды. Қала аумағында заңсыз көшіп-қонушылар мен ішкі істер органдарында уақтылы тіркелмеген тәртіп бұзушыларды анықтау үшін жүйелі түрде рейдтер жүргізіледі.