Елордада Мичиган университеті филиалының алғашқы кірпіші қаланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Мичиган университетінің филиалы ғимаратының іргесі қаланды.
Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, Мичиган университетінен Стивен Хансон бастаған делегациясы қатысты.
Биыл қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды.Бұл шара ағымдағы кадрларды күшейту және білікті қызметкерлердің тапшылығын жою, білім сапасын және адами капиталды арттыру үшін қажет. Осындай жаһандық міндетке қол жеткізудегі бастаманы білім беру саласындағы табысты жобалар портфолиосы бар BI Group холдингі көтеріп отыр, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жаңа университеттің кампусы астанадағы Есіл ауданы Тұран көшесінде орналасатын болады. Құрылыстың алғашқы кезеңінің аумағы – 9 гектарды құрайды. Нысанда педагогикалық корпус, инженерлік блок пен студенттік жатақхана бой көтереді деп күтілуде. Оқу аймағынан бөлек, жоба бойынша жасыл рекреациялық алқаптар, дәріс залдары, амфитеатр, аллея мен пирс салу қарастырылған.
Жаңа университет жеке инвестициялар есебінен салынады. Құрылыс келесі жылдың екінші тоқсанында аяқталады.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда еліміздің аумағында үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырма берген болатын.
Ал Мичиган университеті – АҚШ-тың үздік оқу орындарының бірі. 50 мыңнан астам студенті бар, зерттеу жүргізумен айналысатын білім ордасы. QS 2022 пәндік рейтингі мен ARWU Шанхай рейтингіне сәйкес білім беру саласында Американың топ-10 ЖОО қатарына кіреді. Университет педагогика, архитектура, құрылыс және азаматтық инженерия бағыттарында бакалавриат пен магистратура бағдарламалары бойынша оқытады.