Елордада «Мейірімділік керуені» байқауының үздіктері марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың Оқушылар сарайында IV Республикалық «Мейірімділік керуені» байқауының қорытынды кеші өтті. Оның мақсаты – игі істер жасап, қоғамға пайда тигізіп жүрген жандардың еңбегін дәріптеу және насихаттау, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара жыл сайын Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан жүздеген меценат пен қамқор жандарды анықтайды.

Байқауды Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Amanat партиясымен, іскер әйелдер қауымдастығымен және Тұңғыш Президент Қорымен бірлесіп ұйымдастырды.

Биыл «Мейірімділік керуеніне» қатысуға 1033 өтінім келіп түсті, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 165 өтінім.

Бүгін Нұр-Сұлтандағы «Жастар» сарайында «Мейірімділік керуені» байқауының үздіктерін марапаттаймыз. Конкурс кез келген қиын сәтте қол ұшын созуға дайын, жүрегі мейірімге толы жандарды анықтайды, – деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәния Ырсалиева.

Байқауға әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді шешуге өз үлесін қосқан және өзгелерді игі істермен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатысты. Жеңімпаздар 7 номинация бойынша марапатталды: «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі», «Жануарларға мейірім».

Еңбегіміз бағаланғанына өте ризамын. Біз ерекше балалармен, әлеуметтік отбасылардың балаларымен спорт және мәдениет бағыты бойынша тығыз жұмыс істейміз. Ата-аналар өтініш берді, біз мұндай номинацияны жеңіп аламыз деп күтпеген едік. Өте ризамын және бұл біз үшін ерекше құрмет», – деді «Тұмар» мәдениет және спорт орталығының жетекшісі Аида Әміржанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы