Елордада мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгергендердің үлесі - 92,5%
Астана қаласы тұрғындары арасында тілдік ахуалға әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгергендердің үлесі 92,5% құрайтыны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Астана қаласының коммуникациялар қызметі» алаңында өткен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәлімдеді.
Елордада 2022 жылы қазақ тілі курсында 1500 тыңдаушы оқыды. Оның ішінде 10 – мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, 187 – медициналық, 85 – білім, 110 – этномәдени бірлестіктер, 10 – заң қорғау, 402 – Астана қаласы әкімдігінің ведомстволық бағынысты мекемелердің қызметкерлері, 696 – қаланың ересек тұрғындары құрайды. Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылар ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырды. 1492 тыңдаушының коммуникативтік тілдік құзіреттіліктері бойынша деңгейлерін растайтын сертификаттар тапсырылды. Сонымен қатар 8 тыңдаушыға анықтама берілді, - дейді Сәкен Есіркеп.
Сондай-ақ 2022 жылы 110 мемлекеттік қызметші әртүрлі деңгейдегі Beginner – 64, Мid-beginner – 29, Elementarу – 4, Pre-Intermediate – 13 ағылшын тілі курсынан өткен. Мемлекеттік тілді еркін меңгергендердің үлесі 73,6%, орыс тілін әртүрлі деңгейде меңгергендердің үлесі 74,3%, ағылшын тілін әртүрлі деңгейде меңгергендердің үлесі 28,5 % екені анықталды.