Елордада «Мектепке жол» акциясы басталды
Жылдағы қалыптасқан дәстүрге сай биыл да «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Акция шеңберінде Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты аудан аумағындағы 3 ірі сауда нүктелеріне («Жаннұр», «АйМақ-Тау» сауда орталықтары және «Тұлпар» жиһаз орталығының маңы) «Мектепке жол» акциясына арналған жәшіктер орналастырды.
Шараның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балалар, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, инклюзивті білім алатын балаларға кеңсе тауарларымен көмек көрсету.
Арнайы жәшіктерге қаламыздың әрбір көмек қолын созғысы келетін азаматтары мектепке керек құрал-жабдықтармен толтырып, кішкентай бүлдіршіндерге көмек көрсете алады.
Акция аясында өткен жылы Байқоңыр ауданы бойынша 1000-ға жуық бүлдіршін кеңсе тауарларымен толтырылған мектеп сөмкелерімен қамтылды. Биыл да игі науқан аясында мүмкіндігінше көп бүлдіршіндерді қамтуға ниетті, - делінген аталған ақпаратта.
Бүгінгі акцияға алғашқы болып Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов бастаған мәслихат депутаттары және ерікті меценаттар қатысып, арнайы құрал-жабдықтарға толы сөмкелер салды.
Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында аудан бойынша 2 521 оқушы 1-сыныпқа жолдама алып, 1 142 түлек білім ордасынан түлеп ұшпақ.