Елордада машина жасаушылар форумы өтіп жатыр
Астанада Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осымен он екінші мәрте ұйымдастырылған жиында саланың жетістіктері мен кемшін тұстары талқыға түсуде.
Көп жыл бойы өткізіліп келе жатқан машина жасау нетворкингі мемлекет пен бизнес үшін саланың өзекті мәселелерін талқылаудың тиімді диалог алаңына айналған.
Форумға арнайы ат басын бұрған Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, отандық машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің қозғаушы күші ретінде Үкіметтің назарында болған және бола береді.
Алдымызда қазақстандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі тұр. Оған қаржылық құралдар, заманауи технологияларды енгізу, олардың орналасқан жерін кеңейту мен сыртқы нарыққа ілгерілету арқылы қол жеткізу жоспарда бар. Саланың болашағы біздің өндірушілеріміздің қолда бар мүмкіндікті қаншалықты жылдам әрі тиімді қолданып, жаңа жаһандық өзгерістерге бейімделе алуына байланысты. Осы орайда, мемлекет пен бизнестің жұмысының бір ізге салынуы маңызды, - деп атап өтті Үкімет басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде.
Айта кететін жайт, форумға Австрия, Бразилия, Германия, Италия, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Ресей сынды 20-дан астам елдің делегаттары қатысуда. Екі күнге созылатын форум жұмысында отандық машина жасау саласының өзекті проблемалары, болашағы бар бағыттары мен өндірістің жаңа мүмкіндіктері сынды мәселелер алға қойылады.