Елордада мас адам экскаваторды айдап кеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін сағат 05.00-де 102 қызметіне теміржол вокзалының жанындағы экскаватор рөлінде жүргізушінің ұйықтап жатқаны жайлы мәлімет келіп түсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері келіп, көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстады.

Жағдайды анықтау үшін аймақтық полиция басқармасына 30 жастағы ер адам жеткізілді. Оның көлікті мас күйінде ұрлап кеткені анықталды.


Тексеру барысында ұрлық жасаған ер адамның Қарағанды қаласының тұрғыны екені және экскаваторшы болып жұмыс істейтіні белгілі болды. Астанадағы досына қонаққа келіп, көп ішімдік тұтынған ол көшеге шыққанда жақын жердегі экскаваторды көреді. Тұтқасын қозғаған кезде көліктің есігі ашылып, кілттің ішінде екендігін байқайды. Экскаваторшы үшін көлікті жүргізу еш қиындық тудырмады. Полиция келген сәтке дейінгі қалған іс-әрекеті есінде жоқ, - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, экскаватор иесі өз көлігін құрылыс объектісі маңында қалдырған. Оның жоғағаны туралы полиция қызметкерлерінен білген.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 200-бабы (ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Нұр-сұлтан қаласының полиция департаменті азаматтардың қырағы болуын, автокөлікте кілттерді қалдырмауын және барлық есік пен терезелердің сенімді жабылғанын тексеруді ескертеді. Көлігіңізді айдап әкетпеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері автокөлік иелеріне дабыл жүйесін орнатып, машиналарды арнайы тұраққа қоюды ұсынады.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы