Елордада мәнерлеп сырғанаудан Astana Open қалалық ашық чемпионаты басталды

Астанадағы «Алау» мұзайдыны сарайына еліміздің барлық өңірлерінен 260-қа жуық үздік мәнерлеп сырғанаушы бас қосты, деп хабарлайды BAQ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Олар қарашаның 13-15 күндері мәнерлеп сырғанаудан ASTANA OPEN қалалық ашық чемпионатында бақ сынайтын болады.

Қалалық ашық чемпионат елордада үшінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Биыл жарысқа балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ спорт шебері мен спорт шеберіне үміткерлер қатысады. Жеке разрядтағы жарыстар Халықаралық конькишілер одағының талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Бүгінде қаланың ашық чемпионатына қатысуға Астана, Алматы қалаларымен қатар Қарағанды, Атырау, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облысынан 260-қа жуық өтінім қабылданды. Жас конькимен жүгірушілердің өнерін жарысқа арнайы шақырылған халықаралық төрешілер бағалайтын болады. Бұл дегеніміз жарысты жоғары деңгейде өткізуге және әділ төрешілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған іс-шара алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізілетін болады, – дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша жарысқа деген сұраныс жыл өткен сайын артып келетіні ерекше қуантады дейді. Сондай-ақ, чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионатына 16 ең мықты спортшыдан Астана қаласының құрама командасы жасақталатынын да атап өтті.

Бұл жарыста біз ең мықты деген елордалық спортшылар арасынан 16 таңдаулы мәнерлеп сырғанаушыны Астана қаласының құрама командасына қабылдаймыз. Олар алдағы 13-16 желтоқсанда Алматы қаласында өтетін мәнерлеп сырғанаудан ҚР чемпионатында өнер көрсететін болады. Сондықтан республикалық аренада қаламызды лайықты танытатын мықты команданы таңдау біз үшін өте маңызды. Тағы бір қуантарлығы жарысқа өтінім беруші қалалардың саны жылдан жылға артып келеді. Қатысушылар көп болғандықтан бәсеке де жоғары, – дейді Астана қаласының Мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Эльмира Тұрғанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Елорда әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы