Елордада мамыр мерекелерінде қандай іс-шаралар өтеді?

Елордада мамырда қандай мерекелік іс-шаралар өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Камзиннің айтуынша, мамыр айына жалпы 160-тан астам іс-шара жоспарланып отыр. Мәселен 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 25-тен астам іс-шара өткізіледі. Нұран Камзин Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған іс-шараларға тоқталып өтті.

Сарыарқа ауданында қалалық алаңда, Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда сағат 12.00-ден 15.00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерт, театрландырылған қойыламдар, цирк көрсетілімдері, балаларға арналған іс-шаралар, спорттық іс-шаралар және сауда жәрмеңкесі өтеді. Осы уақытта Есіл ауданында, «Бәйтерек» монументі алдында мерекелік концерт өтеді. Онда танымал қазақстандық әртістер өнер көрсетеді, - деп айтты ол.

Байқоңыр ауданындағы Жазушылар аллеясында 12.00-15.00 аралығында мерекелік концерт өтеді. 7 мамырда сағат 12.00-де Nomad city hall ғимараты алдында «Ашық аспан астында» концерті өтеді. 

Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара «Бәйтерек» монументі жанындағы алаңда 7 мамыр күні сағат 18.00-22.00 аралығынла өтеді. Жеңіс күніне арналған концерт Бейбітшілік және келісім сарайында 8 мамыр күні сағат 17.00-де болады.

Отан қорғаушылар алаңында «Даңқ» гүл шоқтарын қою рәсімі 9 мамырда өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы