Елордада МӘМС бойынша медициналық көмекке 67,4 млрд теңге жұмсалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алдын ала қорытынды бойынша, 2021 жылы елордада МӘМС бойынша медициналық көмекке 67,4 млрд теңге жұмсалды.
Оның ішінде, консультативтік-диагностикалық көмекке – 10,9 млрд, стационарды алмастыратын көмекке – 3,9 млрд, скринингтік зерттеулерге – 257,5 млн, онкогемотологияға – 300,8 млн жіберілген, деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Қазіргі күні Қор Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 113 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасады, оның 76-сы – жекеменшік клиникалар. Жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. Медициналық қызмет жеткізушілер тізімін қордың fms.kz сайтынан қарауға болады, - деп қосты өз сөзіне Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Филиал басшысының айтуынша, 2021 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша Қор активі есебінен елорда стационарларында жоспарлы түрде 91 460 пациент емделді, бұған 43 млрд 537 млн 25 мың теңге жұмсалды.
Ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер бойынша, жоспарлы емдеуге жатқызуға кезектің төмендегені байқалады.
Пациенттердің 1%-ы ғана ауруханаға жату үшін бір айдан аса уақыт күткен. 2020 жылы пациенттердің 5%-ы бір айдан астам күту парағында тұрған.
2021 жылы 28 мыңнан аса босандыру қызметі қаржыландырылған.
Өткен жылмен салыстырғанда, 2021 жылы жүргізілген ота саны артып отыр. Тек жоғары технологиялық медициналық қызметтің көмегімен қосымша МӘМС бойынша 5,8 мың ота жасалып, оған 13,4 млрд теңге жұмсалды. Кардиохирургиялық ота 2 мың пациентке жасалса, нейрохирургиялық ота (нейронавигациялық жүйе қолданылған) – 1 мың аса адамға, ортопедиялық ота – 2 мыңнан аса пациентке жасалды, - деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.