Елордада мәдениет қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мәдениет қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир өтті.  Оған Нұр-Сұлтан қаласындағы мәдениет ұйымдары қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін біз алғаш рет мәдениет ұйымдары арасында шағын футболдан Madeniet cup турнирін өткізіп жатырмыз. Бұл турнирдің мақсаты—қаламыздың мәдениет ұйымдарының басын қосып, бұқаралық спортты дамыту. Президентіміз өзінің жолдауында бұқаралық спортты дамытуға аса көңіл бөлген. Осы мақсатты пайдалана отырып біз бүгінгі турнирімізді өткізіп жатырмыз. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан барлық мәдениет ұйымдары— театр, филармония, циркіміз осы жарысқа қатысып отыр,- деді Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Жаңабай Мейірманқұлов.
«Астана-Арена» спорт кешенінде өткен турнирге 7 команда қатысты. Әр команда құрамында 10 адам (алаңда 5+1, қосымша 4 ойыншы) бар. Жарыс бағдарламасына сәйкес, топтық кезең мен ширек финалда бір тайм уақыты – 15 минут, тайм арасындағы үзіліс – 5 минут. Турнирге бір мекемеден тек бір команда ғана қатысты.

Турнир қатысушылары мұндай шаралардың денсаулыққа пайдасынан бөлек, мәдениет қызметкерлерінің танысып, табысуына мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Осындай спорттық-мәдени шараға қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бұл- бұрыннан келе жатқан үрдіс. Биыл міне футболға ден қойылып келе жатыр. Біз үшін өте үлкен мереке. Ең бастысы әрине, деннің саулығы,- деп пікірімен бөлісті "Жастар" театрының актері Дәурен Серғазин.

Тартысты өткен матчтардың қорытындысы төмендегідей:

I орын – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» командасы.

II орын – Еркеғали Рахмадиев атындағы «Мемлекеттік филармония» командасы.

ІІІ орын – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің «Астаналық цирк» командасы.

Турнирде жақсы ойын көрсеткен командалар кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы