Елордада құрғақ шөптің жануы бойынша оқу-жаттығу өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаз маусымы басталсымен көптеген адам табиғат аясында демалуға шыға бастайды. Алайда адамдардың немқұрайды әрекеттері өрттердің орын алуына себепші болатыны өкінішті, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі.
Құрғақ шөптің жануы, егер өрт уақытында жойылмаса, үлкен шығынға әкеп соқтыруы мүмкін. Көп жағдайда өрт шыққан жерде құрылыстар мен тұрғын үйлер орналасады. Жылдың басынан бері Нұр-Сұлтан қаласының аумағында құрғақ шөптің өртенуіне қатысты 119 жану оқиғасы тіркелді. Жанудың жалпы ауданы 76,609 шаршы метрді құрайды.
Оқу-жаттығу шарттары бойынша құрғақ және ыстық ауа райының салдарынан елорданың барлық аумағында өрт қауіпті жағдай қалыптасты.
Демалуға келген адамдардың сөндірмей қалдырып кеткен ошақтарының салдарынан құрғақ шөптің жануы орын алып, өрт ары қарай орман белдеуіне тарай бастады. Шақыру орнына өрт сөндіру қызметі, қаланың шұғыл және өзара іс-қимыл қызметтері келіп, өртті жоюға кіріседі. Қатты желдің салдарынан 3 өрт ошағы пайда болды, өрт аумағы 5000 шаршы метрге дейін жетті. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы тік өрт сөндіру жүйесінің көмегімен келеді және суды ағызып беру арқылы өртке барлау жүргізеді, - делінген хабарламада.
МИ-8 АМТ әуе кемесі көпмақсатты тікұшақ болып табылады және жолаушылар мен көлік нұсқаларында шығарылады.
Тікұшақтың міндетіне тік өрт сөндіру жүйесінің (өрттің дала және орман аймағы) көмегімен шартты өртті сөндіруге 2 су ағызу кіреді. Шартты өрт жедел және үйлесімді жұмыстың көмегімен жарты сағатта жойылды.
Әртүрлі деректер бойынша адам табиғи өрттердің шығуына 72-ден 99%-ға дейін кінәлі болып табылады. Туристер, саңырауқұлақ терушілер, балықшылар және тіпті ағаш кесушілер де өздерін орманда қылмыстық салғырттықпен ұстайды. Өрттің күшеюіне орманды заңсыз кесумен және сатумен айналысатын адамдардың кесілген кеспе ағаштарды тазартпауы да себеп болады.
Тәжірибе көрсеткендей, табиғи өрттердің пайда болу себептері әртүрлі болуы мүмкін:
- отты абайсыз қолдану;
- балалардың отпен ойнауы;
- тұрғын үйлердің маңында қоқыстарды жағу;
- майланған сүрту материалының өздігінен жануы;
- шыны және т. б. арқылы күн сәулесінің шағылысу әсері.
Орман және орманды дала аймағында ауқымды өрттердің туындауы барысында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде тәжірибелік іс-шараларды пысықтау бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу азаматтық қорғау бөлімшелерінің, орман өрт сөндіру станцияларының, авариялық-құтқару қызметтерінің басшы құрамының тәжірибелік дағдыларын пысықтау және төтенше жағдайлар кезінде оларды шектеулі мерзімде әзірлікке келтіру және жұмыс істеу кезінде құралымдар мен мекемелерді орнықты басқаруды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Сондай-ақ табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде орман шаруашылығының ведомстволық бөлімшелерінің, мекемелерінің (ЖШС, МКМ) өзара іс-қимыл жағдайларының нақтылығы тексеріледі.