Елордада күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7-12 желтоқсан аралығында елордада күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтеді. Аталған сынға еліміздің әр аймағындағы балуандар тас-түйін дайындалуда. Алайда, біріншілікке қатыспайтын балуандар да бар. Бұл туралы еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Әсет Серікбаев айтты деп хабарлайды Olympic.kz. 

Ел чемпионаты негізінен жас балуандарды іріктейтін бәсеке болмақ. Еліміздің әр өңіріндегі талантты балуандар ұлттық біріншілікте барын салады. Өз кезегінде, біз ұлттық құрамаға үміткерлерді таңдаймыз. Жастарға мүмкіндік береміз.

Ұлттық құрама спортшыларының арасында биылғы додаға қатыса алмайтындар бар. Олар - Нұрислам Санаев, Данияр Қайсанов және Адлан Асқаров. Санаев Олимпиададан кейін демалыс алды, Қайсанов жарақатын емдеп жатыр. Ал Адлан жақында ауырып қалғанына байланысты чемпионаттан сырт қалмақ.

Тағы бір жаңалық - Әлішер Ерғали осы чемпионатта 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күреседі. Чемпионатпен бірге биылғы маусымдағы жарыстар тізбегі аяқталады.

Келесі жылдың шымылдығын ашатын ресми жарыс - Азия чемпионаты. Жалпы, келесі маусымдағы басты бәсекеміз Қытайда өтетін Азия ойындары болмақ, - деді бас бапкер.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы