Елордада күрделі жұлын ісігіне ерекше ота жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында жұлын ісігіне ерекше ота жасалды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» елордалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады. 

Күрделі жұлын ісігіне шалдыққан 35 жастағы алматылық Владимирге отаны елордалық білікті нейрохирург мамандар МӘМС квотасы есебінен жасаған.  

Пациенттің айтуынша, биыл наурыз айында оң жақ қолы мен оң жақ аяғы әлсізденіп, ұйып, мазалай бастайды. Ол тұрғылықты жері бойынша неврологтан ем қабылдайды, бірақ денсаулығы жақсармайды. Көп ұзамай пациент мойын омыртқасының МРТ диагностикасына жіберіледі. МРТ түсірімдерінің нәтижелері бойынша С1-С4 омыртқалары (кавернома) деңгейінде интрамедулярлы тамырлы ісігі анықталған. Ісік бассүйек негізінде миға өтетін жұлынның ішінде орналасқан. Өте қиын жерде болғандықтан  нейрохирургтардың асқан шеберлігі, заманауи жабдықтар мен техника қажет еді. Ал мұндай күрделі операцияны тек Нейрохирургия орталығында ғана жасауға болады.

Емделуші Нейрохирургия орталығына келгенге дейін Корея мен Германияның шетелдік клиникаларына емделу туралы бірнеше сұраныс жіберіпті.

Таныстарымның көпшілігі маған шетелге емделуге баруға кеңес берді. Кореяда дәл осындай ота жасату үшін менен 29000 евро сұрады. Сонымен қатар, корейлік дәрігерлер ота сәтті жасалатындығына немесе операциядан кейін мүгедек болмайтыныма кепілдік бермеді. Германияның дәрігерлерімен де сөйлестім. Олар Қазақстандағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жүгінбегендігімді сұрады. Неміс дәрігерлері орталықтың шетелдікінен еш кем еместігін, емдеуде заманауи әдістер мен технологияларды қолданатын, барлық қажетті жабдықтар мен құрал-саймандарға, білікті мамандарға ие заманауи клиника екенін айтты, - дейді пациент Владимир. 

Бұған дейін елімізде мұндай клиниканың бар екенін білмеген ол қажетті ақпараттар мен құжаттарды жинап, Ұлттық нейрохирургия орталығына медициналық көмекке жүгінеді. Мұнда бөлімше меңгерушісі Талғат Керімбаевтан кеңес алады.

Жұлын нейрохирургиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің дәрігерлері жұлын мен ми бағанының қысылуымен краниовертебралді өту ісігін алып тастау бойынша операцияны 4 сағат жасады. Ота алдында трактографиямен 3-Тесла МРТ зерттеуі жүргізілді. Оның көмегімен дәрігерлер ісіктің орналасқан жерін анық көрген. Бұл хирургиялық емдеу тәсілін таңдау да нейрохирургтердің жұмысын жеңілдетті. Сондай-ақ, операция кезінде жұлын құрылымдарындағы хирургиялық манипуляцияларды бақылауға мүмкіндік беретін интраоперациялық нейромониторинг қолданылды, бұл неврологиялық асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Операцияны Жұлын нейрохирургиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, 30 жылға жуық практикалық жұмыс өтілі бар Талғат Керімбаев пен нейрохирург-дәрігер Жандос Тұйғынов жасаған.

Талғат Керімбаевтың мәлімдеуінше, операция кезінде анатомиялық ойықтардың бойымен ісікке дейін жету және жұлынның өткізгіш жолдары мен орталықтарына зақым келтірмей, оны алып тастау бірінші кезектегі міндет болған. 

Краниовертебралді өту аймағы ісіктерде өте қауіпті локализация болып табылады. Онда ми жүйесі өтеді, омыртқа артериясы, тыныс алу тамырлары, қимыл-қозғалту орталықтары бар. Осы өмірлік маңызды орталықтар зақымданған жағдайда пациент сал болып қалуы, тіпті, соңы өлімге әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда техникалық тұрғыдан қол жеткізу қиын. Бірақ пациент үшін қауіпсіз, дененің өмірлік маңызды құрылымдарының қызметін сақтай отырып, ісікті толығымен алып тастауға мүмкіндік беретін жол таңдалды. Осындай күрделі операциялармен біз жиі кездесеміз, – деді дәрігер Керімбаев.

Операция сәтті өтіп, ісік толығымен алынып тасталды. 2 тәуліктен соң науқас аяққа тұрды. Емделуге жатқызу кезінде пациентте  оң жақтың гемипарезі, әлсіздік, дененің оң жартысында ұю байқалды. Пациентке күнделікті өмірдегі  өз қажеттіліктерін жасау қиындық болды. Заттарды оң қолымен көтере алмады, қолдың ұсақ моторикасы бұзылып, бұлшықет күші төмендеді. Қазірдің өзінде пациент өзін жақсы сезінеді, дененің оң бөлігінің ұюы басылып, бұлшықет күші және қолдың ұсақ моторикасы динамикада қалыпты жағдайға дейін жақсарды. Қайта жасалған  МРТ-да ісік толығымен алынып тасталғандығы көрінді. Пациент операциядан кейінгі 7 тәулікте үйге шығуға дайындалуда.

Маған күрделі операция жасалды, ісік қол жетпейтін қиын жерде орналасқан. Операциядан кейін бір апта уақыт өтті. Өздігімнен жүріп, қозғаламын, өзімді жақсы сезінемін, күн сайын жақсарып, тез қалпыма келудемін. Менің денсаулығымды қалпына келтіруге атсалысқан барлық медициналық қызметкерлерге өте ризамын. Мұндағы мамандар – ең үздік дәрігерлер. Қазақстанда осындай заманауи нейрохирургия, кардиохирургия, онкология орталықтары бар екені қуантады. Шетелге барып, қомақты қаржы жұмсаудың қажеті жоқ, МӘМС бойынша мұның бәрі біздің елде қолжетімді, - деп ризалығын білдірді емделуші Владимир.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы