Елордада күніне 150-ге жуық адам қан тапсырады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы республикалық Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына күніне орташа есеппен 150-дей адам қан тапсыруға келеді.
Олардың ішінде ер адамның үлесі басымдау – шамамен 60-70 пайызды құрайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Мекеменің трансфузиолог-дәрігері, донор кадрларын жинақтау бөлімшесінің меңгерушісі Әйгерім Сағамбаеваның айтуынша, донор болғысы келетін адам бірнеше талапқа сай болуы керек.
Донорлыққа қойылатын ең әуелгі талап – адам 18-ге толған болуы керек. Екіншіден, салмағы 50 келіден асатын адамдар ғана донорлыққа жарайды. Біз бәрінен бір ретте стандарт көлемдегі, яғни 450 мл қан аламыз, ал салмағы аз кісілер үшін мұндай көлем ауыр тиюі мүмкін. Үшіншіден, донорда ІІ және ІІІ деңгейдегі артериялық гипертензия, обструкциялық бронхит, асқазанның ойық жарасы, бауыр циррозы, гепатит, мерез, АИТВ тәрізді созылмалы аурулар болмауы тиіс, туберкулезбен ауырмаған, бұрын-соңды есірткі тәуелділігіне шалдықпағаны да міндетті, – дейді ол.
Болашақ донор қан тапсырар алдында терапевт қабылдауына барып, оның қандай да бір аурумен есепте тұрған-тұрмағаны ортақ базадан тексеріледі. Сондай-ақ, оған «Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?», «Соңғы уақытта қандай дәрілік препарат қабылдадыңыз?», «Түнде жұмыста болдыңыз ба?», «Жеткілікті демалдыңыз ба?», «Денеңізде тату/пирсинг бар ма?», «Қан құйдырып көрдіңіз бе?», «Жуырда шетелден оралдыңыз ба?», «Қорғанбастан жыныстық қарым-қатынасқа түстіңіз бе?» деген секілді бірқатар сұрақты қамтитын сауалнама жүргізіледі. Осындай бірнеше сатыдан тұратын тексеріс аяқталған соң пациенттен анализ үшін қан алынады, одан кейін пациентті қан тапсыруға жібереді. Анализ нәтижесі ертеңіне белгілі болады. Ешқандай қауіп-қатер анықталмаған жағдайда әлгі қан сақтауға жөнелтіледі.
Елордалық Эльмира Жылқыбаева – орталықтың тұрақты донорларының бірі. 2017 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып тұрады.
Биыл үшінші мәрте қан тапсыруға келіп тұрмын. 2017 жылы басым жиі ауыра берген соң, дәрігерге барғанмын. Дәрігер менде гемоглобин деңгейі тым жоғары екенін, сондықтан қан шығару керектігін айтқан болатын. Көп ойланбастан, тұрақты түрде қан тапсырып тұруды шештім. Енді жылына төрт рет осында келіп, қан тапсырып тұрамын. Төртінші топтың қаны керек болып жатса, мұндағылар дереу маған хабарласады. Бұл, бір жағынан, менің денсаулығыма пайдасын тигізсе, екінші жағынан, басқа адамдардың өмірін құтқаруға да көмектеседі ғой, – дейді ол.
Айта кетсек, пандемия донация көлеміне де біршама әсер етті. Мәселен, 2019 жылы орталықта 35 228 рет қан берілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 30 180-ге азайған екен.