Елордада күндізгі стационар мен жоспарлы емге жатқызу тоқтатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифинг барысында елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов хабарлады. Аурудың өсуіне байланысты қалалық ауруханаларды инфекциялық ретінде қайта бейімдеуге тура келген.
Сондай-ақ ол күндізгі стационар мен жоспарлы емдеуге жатқызуды тоқтата тұруға мәжбүрміз деп отыр.
22 шілде бойынша инфекциялық стационарларда 2 556 науқас жатыр, оның ішінде КВИ-ге шалдыққандар 2 270 адам, пневмониямен 286 науқас ем қабылдауда. Осылайша жүктеме 72%-ды құрап отыр, - деді басқарма басшысы.
Аурудың өсуіне байланысты қалалық ауруханаларды инфекциялық ретінде қайта бейімдеуге және әзірге күндізгі стационардың жұмысын, жоспарлы емдеуге жатқызуды тоқтатуға тура келеді. Осылайша, басқа медициналық клиникаларда түрлі профильдер бойынша науқастарды ауруханаға жатқызу жүктемесі сезіледі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы коронавирустық инфекциямен ауыратындардың саны күн сайын артып келе жатқандығын айтты. Салдарынан төсек санын көбейтуге және адами ресурстарды ұлғайтуға мәжбүрміз дейді. Мәселен, өткен тәулікте 333 адам жатқызылған.
Бар инфекциялық төсек-орынның 1 006-сы ғана бос көрінеді, оның ішінде 62 реанимациялық төсек-орын. Оның айтуынша, стационарлардың төсек қуаттылығы 3 562 төсекті құрайды. Қазіргі уақытта КВИ күресуге 16 инфекциялық стационар тартылған.