Елордада күн сайын 30 000 текше метрге жуық су сорылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы қысқы маусымда қаладан 5 млн текше метрден астам қар шығарылды. Елордада су сору жұмыстарына 200-ден астам арнайы техника, яғни ассенизаторлық машиналар мен мотопомпалар жұмылдырылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік сайын орта есеппен 30 000 текше метр су сорып алады. Көктем мезгілі басталғаннан бері 180 000 текше метрден астам су сорылды.
Елордада су басу қаупі бар жерлерде нөсер кәрізін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, Б.Момышұлы даңғылында биылғы жазда су басу мәселесі шешілетін болады. Аталмыш даңғылда Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін ұзындығы 500 метр болатын нөсер кәрізінің магистралды коллекторының құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ, «Молодежный» шағын ауданында (Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысы) тазарту жүргізіліп, жеткізуші коллекторлар қайта жөнделуде. Жаңа құрылыстардың қуаттылығы тәулігіне 42 мың текше метрден асады, бұл нөсер кәріздерінің өткізу қабілетін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев көшелері мен Республика даңғылын су басуын болдырмауға мүмкіндік береді. Тазарту қондырғысы жер астында қарастырылғандықтан, үстіндегі алаңға түрлі архитектуралық мүсіндер, көгалдандырылған алаң орнатылады. Құрылысты биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданындағы екі учаскеде нөсер кәрізінің проблемасы шешілген болатын.