Бүгiн 2026, 15:13 Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Елордада коммуналдық қызметтің жұмысы мен жаңа өзгерістер таныстырылды

Қыс қорытындысы, цифрландыру және әлеуметтік қолдау мәселелері қамтылды.

Астанада «Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Кәсіпорын бұл жолы тек қысқы маусымдағы жұмысын қорытындылап қоймай, өздерінің жаңа цифрлық шешімдерін көрсетіп, қызметкерлерге жасалып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары туралы да кеңінен түсіндірді.

Қыс басталғалы бері қала көшелерінен 2,2 миллион текше метрден астам қар шығарылған. Күн сайын жұмысқа 600-ден астам техника мен 750-ден аса жол жұмысшысы жұмылдырылып отырған.

Кәсіпорынның бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, дұрыс құрылған жұмыс жүйесі ауа райы қолайсыз болған күндердің өзінде көшелерді уақытылы тазалап, жұмысты тоқтатпай жүргізуге мүмкіндік берген.

Соңғы бір жыл ішінде кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай күшейген. Техника саны көбейіп, қызмет көрсету бағыттары кеңейтілген, жаяу жүргіншілер аймақтарына ерекше көңіл бөлінген. Қазір мекеме көктемгі-жазғы жұмыс тәртібіне көшіп үлгерген.

Су себетін арнайы көліктер, вакуумдық техника және басқа да қажетті жабдықтар толық дайын. Жұмыстар белгіленген кестеге сай атқарылып жатыр: көшелер жуылып, аялдамалар мен тротуарлар тазартылып, қоқыс шығарылуда. Бұл іске күн сайын шамамен 600 қызметкер қатысады.

Баспасөз туры барысында цифрландыру бағытындағы жұмыстарға да ерекше мән берілді. «Астана Тазалықтың» тәжірибесі бүгінде тек ел ішінде емес, шетелдік қалалардың да қызығушылығын тудырып отыр. Соның ішінде электронды жол парағы жүйесі бөлек аталды.

Бұл жүйе арнайы техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, техника қай бағытта жүр, қанша жұмыс атқарды, қанша материал жұмсады: барлығы бір жүйеде көрініп тұрады.

Қазір бұл жүйе жүздеген техникаға енгізілген және нақты нәтиже беріп отыр. Бұрын жол парағын рәсімдеуге 10 минут кетсе, енді ол небәрі 1 минутқа қысқарған. Сонымен қатар цифрлық бақылаудың арқасында жанармай шығыны 10 пайызға дейін азайған.

Ең бастысы – өндірістік үдерістердің ашықтығы қамтамасыз етілген. Мұны кәсіпорын мамандары да ерекше атап өтті.

Іс-шарада қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселесі де назардан тыс қалмады. Баспасөз туры аясында компанияның 7 қызметкеріне ипотека рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның 50 пайызын жабуға арналған сертификаттар табысталды.

Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар бұрыннан жүргізіліп келеді. Өткен жылы жол жұмысшыларына арналған ғимараттар толық жаңартылып, заманауи демалыс бөлмелері мен қажетті тұрмыстық жағдайлар жасалған. Жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан.

Есіл және Нұра аудандарында жалпы аумағы мың шаршы метрге жуық 10 нысан жаңғыртылған.

Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлеріне арналған 17 пәтер пайдалануға беріліп, 80 орындық жатақхана ашылған. Мұның бәрі сала мамандарын ұстап қалу мен олардың жұмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар екені атап өтілді.