Елордада коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы көтерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында ЖЭО қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көтерілгенін мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін ЖЭО қызметкерлерін Наурыз мерекесімен құттықтадым. Өздеріңіз білетіндей, бізде жылыту маусымы 8 айға созылады. Үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін кәсіби мамандар жұмыс істейді. Жылу электр орталықтарында қызмет ететін мамандардың жағдайын жасауға ерекше мән беріледі. Биыл ЖЭО қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға көтердік, – деді Алтай Көлгінов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаладағы коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандардың жалақысы көтерілді.

Сонымен қатар, жылу электр орталықтарының жұмысын жақсартуға да баса мән беріледі: ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандықтары толықтай газға ауыстырылды, ал ЖЭО-3 құрылысы қайта басталды. Сол сияқты тағы үш газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр. Олардың қуаты сағатына 1 мың гигакалориядан асады, оның күші ЖЭО-3-тен де көп. Аталмыш газ қазандықтары құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қосымша қамтамасыз етеді.

Жақында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен бірге «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бардық. Қарт кісілерді Наурыз мерекесімен арнайы құттықтадық. Бұл орталықта зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет түрлері толықтай көрсетіледі. Мұнда Ұлы Отан соғысының ардагері Раиса Егоровна да бар. Биыл ол 96 жасқа толады. Ол кісіні арнайы құттықтап, мықты денсаулық тіледік! Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Әрбір шаңыраққа табыс, береке тілеймін! - деп жазды елорда әкімі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы