Елордада қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі артып келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда басшылығының басты мақсаты қаланы тұрғындар үшін ыңғайлы ету болып қала бермек. Нұр-Сұлтанда ай сайын жаңа кешендер мен тұтас тұрғын үй кварталдары қолданысқа берілуде, хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
2020 жылы түрлі қаржы көзі есебінен (80%-ы — жеке инвестиция) 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Мемлекет басшысының елордадағы қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемін 3 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы орындалды. Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2018 жылы 1 100 әлеуметтік пәтер пайдалануға берілсе, 2019 жылы – 2 900, 2020 жылы 7 мыңнан астам қала тұрғыны жаңа тұрғын үйдің кілтін алды. Ал 2021 жылы 10 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта елордада тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан астам адам тұр.
2019 жылдан бастап бағдарламаның шарттары өзгертілді. Қазір кезекте тұрғандар сатып алу құқығынсыз баспана ала алады. Алайда шартты мерзімсіз ұзарту құқығына ие болады.
Әлеуметтік тұрғын үйге азаматтардың 11 санаты үміткер бола алады. Бұдан басқа, көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несиелендіру аясында әкімдіктен бастапқы жарнаны өтеу үшін 1,5 млн теңгеге сертификат ала алады.
Екі жыл бұрын ата-анам әлеуметтік бағдарлама бойынша пәтер алды. Бұл жаңа үй. Олармен бірге халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтары, яғни көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, т.б. баспаналы болды. Мен ПИК құрамында бармын және жұрттың бір-бірін өте белсенді қолдайтынын, азаматтық ұстанымын көрсететінін, өз үйін жақсартуға ұмтылатынын байқадым, - деді «Мәдени Астана» қоғамдық бірлестігінің өкілі Асқар Жапаров.
Айта кетейік, Елорда күні Нұр-Сұлтанда тұрғын үй кезегінде тұрған 400 отбасы көптен күткен баспанасының кілтін алды. Олардың ішінде жетім балалар, ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер және т.б. бар.
Бұған дейін қала әкімі Алтай Көлгінов мәлім еткендей, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін баспана» бағдарламасы биыл да жалғасады. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам жас баспаналы болады.
Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында тағы 350 жас пәтер кілтін алды. Сонымен қатар, 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді қала басшысы.