Елордада карантин жеңілдетілді

Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Жанна Пралиева елордада коронавирус инфекциясының профилактика шараларын жеңілдететін қаулыға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маска тағу ұсынылады:

  • адамдар көп жиналатын орындарға (автовокзалдар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар, концерт залдары, театрлар, кинотеатрлар, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), банктер, стадиондар және басқа да спорттық құрылымдары және т. б.) барған жағдайда;
  • ұйымдасқан ұжымдарға барған кезде;
  • сондай-ақ қалалық қоғамдық көлікте жол жүрген кезде.

Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары мемлекеттік мекемелер мен бизнеске мынандай міндеттер жүктеді:

  • тұрғындар арасында коронавирус инфекциясына қарсы уақтылы вакцинация және ревакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  • адамдар көп жиналатын объектілерде, оның ішінде қоғамдық көлікте дезинфекциялау іс-шараларын жүргізу, желдету және ауаны баптау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі және желдету режимін сақтау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында шектеу шараларын енгізу туралы Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2022 жылғы 21 шілдедегі № 8 қаулысының күші жойылды.

Соңғы күндері Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың күнделікті көрсеткіші төмендеді. Атап айтқанда, өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда COVID-19 инфекциясын 178 адам жұқтырғаны анықталды. Елорда 12 тамызда «жасыл» аймаққа өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы