Елордада карантин талаптарын елемеген қоғамдық орындар анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары бірнеше айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қаланың кәсіпкерлік нысандары арасында карантин бұзушыларды анықтап жатыр.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда карантин тәртібінің алты мекемеде бұзылғаны анықталды. Мониторингтік топтар бірқатар мекемені әкімшілік жауапқа тартты.Сарыарқа ауданындағы Кенесары көшесі, 8 мекен жайында орналасқан «Адем» қонақ үйінің қызметкерлері жұртшылыққа бетпердесіз қызмет көрсеткен. Бұл сәтте ғимаратта 9 адам болған. Есіл ауданындағы Достық көшесі, 18 мекен жайында орналасқан «Back to Hemingway» бары карантин режимін бұзып, кальян шегу қызметін ұсынған. Ал Тұран даңғылы, 2 мекен жайындағы «Aura Alanya» түнгі клубы түн ортасынан кейін жабық есік арқылы жұмыс істеген.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысының бұзылуы Әзірбаев көшесі, 47 мекен жайындағы «One shot» компьютерлік клубында және Алматы ауданындағы Қордай көшесі, 50 үйде орналасқан «Home bar» барында анықталды.
Мониторингтік топ Байқоңыр ауданындағы Пушкин көшесі, 9 мекен жайында орналасқан «Ачичук» дәмханасында бір үстелдегі қонақтар саны тым көп екенін анықтады. Бір үстелде 8 адамнан артық болғаны белгілі болды. Жиналған материалдың бәрі тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз.
Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандары коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауы керек.