Елордада карантин талаптарын бұзғандарға 300 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада өткен жарты жыл ішінде мониторинг топтары карантиндік шараларды сақтау бойынша 3 440 рейдтік іс-шара өткізді. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жылдың 9 қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы ауданында — 335, Байқоңырда — 248, Есіл ауданында – 367 және Сарыарқа ауданында – 271 заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.Тексерушілердің айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп карантин режимін қасақана бұзушыларға қатысты тиімді шаралар қабылдау мақсатында жиналған материалдар әкімшілік сотқа жіберіледі. Бұл нысанның жұмысын тоқтату үшін жасалынып отыр.
Мысалы, әкімшілік сот «Alanya» түнгі клубының қызметін 3 айға тоқтатты және 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салды,«Janym Sol» караоке-бары, «Золото» мейрамханасы және «Tequila кафе-бары бір ай жұмыс істемейді, сондай-ақ 70 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу міндеттелді.
Карантиндік шараларды қасақана бұзғаны үшін елорданың бірқатар түнгі клубы мен қоғамдық тамақтану нысанына қатысты тағы сегіз материал сот қарауында жатыр. Бұрын аталған субъектілерге заң бұзушылықты тоқтату туралы ұйғарымдар берілген. Құқық бұзушыларға қатысты қызметті тоқтата тұру туралы сот актісі орындалмаған жағдайда әкімшілік қамауға алу шаралары қабылданады, — деп хабарлады ведомствоаралық комиссия.ШОБ нысандары мынадай заңбұзушылықтарға жиі жол береді: бұқаралық іс-шараларды өткізу, жұмыс режимін, келушілердің белгіленген санын (30-дан астам), қызметкерлердің (даяшылар, сатушылар) бетперде режимін сақтамауы. Сол сияқты ойын-сауық орындарының жұмысына тыйым салуды елемеу жатады.
Елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратына сәйкес, өткен жылдың 5 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін 1 454 жеке, лауазымды және заңды тұлғалар жалпы сомасы 283 616 250 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта жалпы сомасы 190 901 215 теңге болатын 1 015 әкімшілік айыппұл өтелді.