Елордада карантин талаптарын бұзғандар 337 млн теңгеден астам айыппұл төледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада соңғы 7 айда мониторингтік топтар карантин шараларының сақталуын қадағалау бойынша 5 000-нан астам рейд жүргізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

2020 жылғы 9 қазаннан бастап осы жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде мониторингтік топтар карантиндік шаралардың сақталуын қадағалау барысында 373 бұзушылық анықтады.

Карантин режимін қасақана бұзушыларға қатысты жиналған материалдар мекеменің қызметін тоқтату мақсатында әкімшілік сотқа жіберіледі.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 12 қоғамдық мекеменің қызметі тоқтатылды. Олардың қатарында «Жаным сол», «Tequila» караоке-барлары, «Золото» мейрамханасы, «Echo», «Сторис», «Abba» лаундж-барлары, «Kango» батут орталығы, «GINZA» караоке-мейрамханасы, «Табыс» дүкені бар. Жоғарыда аталған мекемелердің қызметі 1 айға тоқтатылды. «Алания" түнгі клубы сот шешімімен 3 айға, «Respawn» компьютерлік клубы 2 айға жабылды.

Сонымен қатар, осы ШОБ субъектілерінің карантинді бірнеше рет бұзғаны анықталды. Бұған қоса заңды тұлғалардың жалған деректемелерін немесе басқа тұлғаларға жалға берілгені туралы фактілер бар. Қоғамдық мекемелердің бұрынғы мекенжайларында заңды тұлғалардың жиі ауысуы байқалады.

Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы бойынша короновирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі комиссияның кезекті кеңесінде мониторингтік топтардың құрамына ақпаратты жедел ұсыну үшін Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері қосымша енгізілді.

2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аудандық басқармаларына карантинді бұзғандарға қатысты барлығы 2 519 материал келіп түсті. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 1 244 жеке, лауазымды және заңды тұлғалар жалпы сомасы 239 589 700 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта жалпы сомасы 337 304 510 теңгеге 1 612 әкімшілік айыппұл өтелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы