Елордада қандай музейге баруға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, 18 мамыр – Халықаралық музей күні. Халықаралық музейлер кеңесі бұл атаулы күнді 1977 жылы Бас конференциясында бекіткен. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда барлығы 238 мемлекеттік музей жұмыс істейді, оның ішінде 17 музей мен музей-қорықтар республикалық деңгейдегі мәртебесі бар.

Атаулы күнге орай, BAQ.KZ елордалықтар мен қала қонақтарына Нұр-Сұлтандағы әйгілі музейлердің тізімін ұсынады.

Тұңғыш Президент музейі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының экспозициялық-көрмелік қызметі екі ғимаратта жүзеге асырылады: Назарбаев орталығының ғимараты және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы музейінің ғимараты.

Назарбаев орталығына кіргенде, келуші Норман Фостер мырзаның керемет туындысы - бірегей үлгідегі сәулет нысанының құшағына енеді. Бірінші қабатта «Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыс» тақырыптық экспозициясы бар, онда спорттық трофейлердің және мемориалдық құндылықтардың бірегей коллекцияларының негізінде қазақстандық чемпиондардың және Олимпиада ойындары жүлдегерлерінің спорттық жетістіктерінің тарихы ұсынылған.


Екінші қабатта Интерактивті білім беру орталығымен бірге Елбасы кітапханасының музей қорының бірегей коллекциялары орналасқан.

Әлемнің қырықтан астам елінен берілген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының жинағы маңызды орын алады. Үшінші қабат ашық кітап сақтау жүйелері, сондай-ақ Н.Ә.Назарбаевтың үй кітапханасының басты алаңы болып табылады.

Мұнда қазіргі Қазақстанның маңызды саяси жобаларына арналған екі көрме бар: «Н. Назарбаев - жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» және «Әлем таныған Елбасы» фотогалереясы орналасқан.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музейі Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында Бейбітшілік көшесі, 11 үйде орналасқан (1997-2004 жж.).

Сол жылдардағы жұмыс күндерінің жағдайын мемлекет Басшысының кабинеті, қабылдау бөлмесі және мәжіліс залдары бейнелейді, олар алғашқы қалпында сақталған. Сонымен қатар Елбасы кітапханасы музейінде Н.Ә Назарбаевтың өмірі мен қызметі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін ашып көрсететін бірегей экспонаттар ұсынылған. Музей ғимаратының төрт қабатында барлығы тұрақты негізде жұмыс істейтін 18 экспозиция, бірінші және үшінші қабаттарда уақытша үш көрме залдары бар.

Ұлттық музей

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі музей. Музей «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдеде «Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесін құру туралы» № 675 Қаулысы шықты.

Музей еліміздің Бас алаңы – Тәуелсіздік алаңында орналасқан. Оның асқақ бірегей ғимараты осы маңдағы «Қазақ елі» монументімен, Тәуелсіздік сарайымен, Бейбітшілік және Келісім сарайымен, «Хазірет Сұлтан» мешітімен және Ұлттық өнер университетімен үйлесім тапқан.


«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде табылған көптеген құнды дүниелер Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің баға жетпес қорын құрайды. Музей ғимараты ерекше пішінімен алыстан көз тартады. Аса ірі бірегей музей кешені 74 000 шаршы метр жерді алып жатыр және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 000 шаршы м. асатын экспозициялық алаң 14 залды алып жатыр.

Музей ғимараты ерекше пішінімен алыстан көз тартады. Аса ірі бірегей музей кешені 74 000 шаршы метр жерді алып жатыр және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 000 шаршы метрден асатын экспозициялық алаң 14 залды алып жатыр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде бірнеше зал бар Олар: Астана залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Алтын залы, Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Қазіргі заманғы өнер залы. Ұлттық қазынаны зерделеу жөніндегі музей құрылымы ғылыми-зерттеу институтынан тұрады. Сондай-ақ балалар музейіне, балалар шығармашылығы орталығына, екі көрме залына, қалпына келтіру шеберханасына, зертханаларға, кәсіби қор сақтауға, оқу залы бар ғылыми кітапханаға, мәжіліс залы мен кәдесый дүңгіршектеріне арналған үй-жайлар көзделген.

Әскери-тарихи музей

Еліміздің тарихындағы тұңғыш Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейі 2015 жылдың 1 желтоқсанында ашылған. Бұл жерде қазақ халқының батырлық жылнамасы болып табылатын барлық жәдігерлер жинақталған.


Музей экспозициясында 6000-нан астам экспонат сақталған. Экспозицияға келесі залдар кіреді: «Ежелгі — XIX ғасыр», «XX–XXI ғасырлардағы қару», «ХХ ғасырдың әскери тарихы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері», «Бейнелеу өнері».

Сәкен Сейфуллин музейі

Музей ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысы мен ХХ ғасырдың басында салынған ғимаратта орналасқан. Екі ағаш үйдің біреуі бұрын көпес Казанцевтің әкімшілік үйі болған. Сәкен осы үйге жұмыс бабымен келіп жүрген. Екінші үй - Мұражайдың әкімшілік үйі – бұрын Сәкеннің досы, дәрігер Благовещенскийдің үйі. Ғимараттың 8 залында Сейфуллиннің сирек кездесетін кітаптары, фотоқұжаттары мен мұрағат материалдарының фото және ксерокөшірмелері, тұтынған заттары сақталған.


Бейбітшілік және келесім сарайы

Бейбітшілік және Келісім сарайы – Нұр-Сұлтаның көрікті орындарының бірі. Пирамида – түрлі діндердің, этностардың және мәдениеттердің, халықтың және мемлекеттің барлық әлемге ашықтығының символы, сондай-ақ дінтану мен дінге еріктіліктің орталығы.


Елордада пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса деген идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезінде ұсынған болатын. Мемлекет басшысының идеясы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессия көшбасшыларының үлкен қолдауын тапты. Әлемнің ең жас елордасы Астана қаласында 2006 жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші басқосуын жаңа, бірегей ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында өткізді. 

Пирамиданың негізі – 62×62 метр, биіктігі – 62 метр. Ғимараттың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал төбесі, яғни күмбезі – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген.
Сарай ішінде 1 302 орынға арналған Опера залы, Atrium салтанат залы, «Бесік» конференция залы, көрме алаңдары, «Құланшы» галереясы, баспасөз орталығы, Астана қаласының этникалық мәдени орталықтары, Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы, Түркі әлемінің академиясы орналасқан. 2009 жылдың 13 шілдесінде Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес «Бейбітшілік және келісім сарайы» Мемлекеттік коммуналды қазыналық кәсіпорны құрылды. 

«Алжир» музейі

Кешен бірнеше мұражайлық нысандардан тұрады. Саяси жер аударылған «халық жауларын» таситын «Сталиндік вагоны», немесе оны басқаша «Қызылша» деп атаған. 

«Қасірет қақпасы» монументі – киелі жерге кірудің нышаны іспеттес, бұл жерде екі дүние – тірілер мен бақи болғандар кездесетіндей. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелді бейнелейді. Қақпадан өтіп бара жатып бас ию қажет, бұл – қуғын-сүргін жылдары мерт болған адамдарға жасалған Тағзым!


Ескерткіш белгілер - лагерде отырған 62 ұлттың тұтқын-әйелдеріне деген естелікті мәңгі сақтау үшін Қазақстан Республикасындағы шетелдік мемлекеттердің елшіліктері мұражай аумағында орнатуда.

«Түңілу мен әлсіздік» композициясы шарасыздықты, бостандыққа шығуға сенімсіздіктің, сондықтан да мойынұсынғандық пен әлсіздікті бейнелейді.

Мұражай ғимараты кесілген конус пішіндес. Бұл құпиясы мен сыры мол қобдиша, қайғы сақтау орны іспеттес. Ғимараттың терезесі жоқ, бірақ жарық экспонаттарға жоғарғы жақтан түсіп тұрады және құпия біртіндеп ашылады дегенді меңзейді. Мұражайға кіру тоннельден басталады. Тоннель мен оның қабырғасында салынған суреттер халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырын көрсетеді. Тоннельде тоталитаризм дәуіріндегі жер аудару вагондары мен арбалардағы қуғынға ұшыраған адамдар, ату жазасына кесілгендер бейнелері кескінделген.

Мұражай экспозициялары екі қабатқа қойылған. «Алаш» залының экспозициялары Қазақстанның Ресейдің патшалық империясы құрамына кірген кезден бастап Кеңестік кезеңді, 1937 жылдың жаппай қуғын-сүргінін көрсетеді.

«АЛЖИР» залы ақмолалық лагерінің тарихына арналған.

Жер аудару экспозициясы бір тұтас халықтарға жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін саясатын көрсетеді. Қазақстанға 1,3 млн аса адам мәжбүрлеп аударылды. Қазақстанға жер аударуға немістер, түріктер, корейлер, поляктар, шешендер, қырым татарлары ұшырады. Адамдар Қазақстанға мәжбүрлеп әкелінгенімен, олардың көпшілігі оны екінші отаным деп есептеді.

«Нұр Әлем» болашақ энергиясы мұражайы

«EXPO-2017» көрмесінің тағы бір қайталанбас нысаны – еліміздегі болашақ энергияның тұңғыш технологиялық мұражайын ұсынатын «Нұр Әлем» сферасы. Шар пішіндес ғимарат «EXPO-2017» ашылмастан бұрын көпшіліктің назарына түсіп, мыңдаған адамның көрмеге келуге деген тілек-ынтасын оятқан болатын.


Мұражай сегіз қабаттан тұрады, олардың әрқайсысына жекелеген тұжырымдамалық идея тән: «Күн энергиясы», «Жел энергиясы», «Ғарыш энергиясы», «Биомасса энергиясы», «Су энергиясы», «Кинетикалық энергия», «Ұлттық павильон» және «Болашақ Астана». Келушілер мұражаймен танысуды жоғарғы қабаттан бастағаны жөн. Мұнда астанада жүзеге асырылатын алдағы жобалар ұсынылады.Оған қоса мұражай аумағында жиі-жиі түрлі презентациялар өткізіледі. Осылайша, сіз «Ғарыш энергиясының» планетарийінде уақыт өткізе аласыз, ал балаларыңыз «Биомассалар энергиясы» қабатындағы тәжірибелерды қызықтап, қуанышқа бөленетіндеріне күмәніміз жоқ. «Нұр Әлем» ең заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген және ол баланы да, ересек адамды да немқұрайлы қалдырмайтын көптеген қызықты және танымдық дүниені қамтиды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы