Елордада «Қан тапсыр да, адам өміріне араша түс» акциясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қан тапсыр да, адам өміріне араша түс» акциясы өтті.

Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 қайырымды іс» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. 

Акция мақсаты - әрбір азаматтың өз еркімен қан тапсыруының жүйелілігін қалыптастырып, қоғамды ақысыз түрде қан доноры болуға шақыру. 

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай қан тапсыруға келген еріктілердің мәліметтері жіті тексерілді. Егер адам туберкулез, вирустық гепатит, безгек, бруцеллез немесе ревматизммен ауырса, оның қаны қабылданбайды, - дейді ұйымдастырушылар.


Сондай-ақ жоғары немесе төмен артериялық қысымы бар, эпилепсиялық талма мен өмірлік маңызды органдары ауыратын адамдар да қан тапсыра алмайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акция жылына екі рет ұйымдастырылады. 

Бұл тек донорларды табу мақсатында емес, қан тапсырушының да денсаулығына әсер етеді. Себебі қан тапсыру адам ағзасына пайдалы. Қанды белсенді тапсыратын донорлар жүрек-қантамыр ауруларымен сирек ауырады. Қан алынғанда адам бойындағы қан жаңарып, қан айналу процесі жақсарады. Бұл көптеген аурудың алдын алады, - дейді акцияны ұйымдастырушы.


Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне жүгінсек, елімізде жыл сайын 200 мыңнан артық адам қан тапсырады және олардың шамамен 18 мыңы қанды 3 реттен артық тапсырған. 


Нұр-Сұлтан қаласының өзінде жыл сайын шамамен 40 донациялау жүзеге асырылады. 



Ботакөз Жақиянова
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы