Елордада күзгі әскери мерзімді қызметке шақыру басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әскерге шақыру кезінде санитарлық-гигиеналық талаптарға ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Осы күзде Нұр-Сұлтан қаласының 800-ден астам шақыру жасындағы азаматтары Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Ұлттық ұлан әскери бөлімдері қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

Күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйек айынан бастап желтоқсан айының аяғына дейін жүргізіледі. Жас сарбаздардың алғашқы легін келесі аптадан бастап әскери бөлімдерге жібереміз. Қарулы күштеріміз озық технология және заманауи техникамен кеңінен жабдықталуда. Сол себепті әскер қатарын жас сарбаздармен толықтыруды сапалы жүргізуге аса көңіл бөлудеміз, – деді Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментіның штаб бастығы, полковник Айдын Сағынбеков.
Оның айтуынша, әскерге шақыру кезінде санитарлық-гигиеналық талаптарға ерекше назар аударылуда.
Шақырылушылардың дәрігерлік комиссия өтуі және әскери командаларды жасақтау кезінде пандемияның алдын алу шараларының барлығы қатаң қолданылып, әлеуметтік қашықтық сақталатын болады. Сақтану шаралары көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде де іске асырылған, тәжірибеміз бар, – деді Айдын Сағынбеков.
Әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының сараптамасынан 18 бен 27 жас аралығындағы жалпы саны 9 мың ер азаматты өткізу жоспарланып отыр.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы