Елордада IX Азаматтық форум өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атты IX Азаматтық форумы 2020 жылғы 23-27 қараша аралығында Азаматтық қоғам апталығы форматында өтеді. 

Еліміздің қоғам белсенділерін біріктіретін дәстүрлі ауқымды іс-шараны биыл жаңа форматта өткізу жоспарланып отыр. Қатысушылардың қауіпсіздігі үшін Азаматтық форум онлайн режимде әрі бес күнге жоспарланған бағдарлама бойынша өтеді.

Азаматтық қоғам апталығы шеңберінде Қазақстан Республикасында Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттарын талқылау жоспарланған. Атап айтқанда, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы; қоғамдық бақылау – шынайылық пен мүмкіндіктер; ҮЕҰ бәсекеге қабілеттілігі: табыс факторлары, тәуекелдер, перспективалар; қоғам, мемлекет және бизнес диалогы атты бағыттар талқыланады. Сонымен қатар, форумда бұған дейінгі форумдар ұсынымдарының орындалуы талқыланып, салалық үкіметтік емес ұйымдардың министрлермен кездесуі өтеді, - делінген хабарламада.

Форум делегаттары сарапшылық, пікірталас және оқыту шараларына қатысып, Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамның дамуы бойынша өз сұрақтарын көтере алады. Бұл ретте, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі белсенді ұйым өкілдерін елдегі өзекті мәселелерді ескере отырып Азаматтық форумның күн тәртібін қалыптастыруға атсалысуға шақырады.

Форумға 1000-нан астам ҮЕҰ, мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады деп күтілуде.

Айта кетсек, азаматтық форумдар 2003 жылдан бастап екі жылда 1 рет ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы