Елордада иммундау апталығы өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 24-30 сәуір аралығында елордада иммундау апталығы өтеді. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Апталық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының бастамасымен 2005 жылдан бастап бүкіл әлемде жыл сайын сәуірдің соңғы аптасында іс-шаралар өткізіледі. Биылғы жылы Еуропалық иммундау апталығы «Барлығына ұзақ өмір» ұранымен өтіп жатыр. Вакцинация – ғылым мен денсаулық саласының ең үлкен жетістіктерінің бірі. Вакциналар кез келген жастағы адамдардың өмірін сақтап қана қоймай, болашақта балаларымыз бен немерелеріміз үшін толыққанды өмір сүрудің кепілі болып табылады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Оның айтуынша, вакциналардың адам организміне оң ықпалын жоққа шығара алмаймыз.
Бұған дәлел – шешектің, полиомиелит ауруларының жаһандық деңгейде жойылуымен қатар, вакцинацияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда дифтерия, сіреспе, қызылша, паротит сияқты инфекциялардың болмауы және төмендеуі жатады, - деді Сархат Бейсенова.