Елордада грек-римнен күресінен халықаралық турнир өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен 7-9 мамыр күндері грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықарлық турнир өтіп жатыр. Бүгін Жекпе-Жек сарайында турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің орынбасары Бақтияр Макен, Біріккен күрес Әлемі бюросының мүшесі, Азия кеңесінің Президенті Дәулет Тұрлыханов және генерал полковник Сәт Тоқпақпаев қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы спортшыларға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді.
Құрметті достар, баршаңызды Олимпиада жеңімпазы, Қазақстанның еңбек ері, Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған Халықаралық турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Бұл бүкіл дүниежүзі үшін айтулы оқиға. Жақсылық Әмірәліұлы қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ғана емес, бүкіл ел ықыласына бөленген ерекше тұлға. Ол саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнап, туған өлкесін өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы өскелең ұрпаққа қашанда өнеге. Халқымыздың біртуар перзентінің есімін ұлықтап, еңбегін бағалау жолында бүгінгідей іс-шараның маңызы зор. Байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тілеймін, - делінген құттықтау хатта.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы қазақтың даңқты палуаны Жақсылық Үшкемпіровке арнап елордада ескерткіші ашылатынын айтып өтті.
Бүгінгі жарысқа, елордамызға келген барша қонаққа қош келдіңіздер дейміз. Жақсылық ағамыз қазір арамызда болмаса да, есімі мәңгі жадымызда. Былтыр барша халықтың қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Жекпе-жек сарайына еліміздің біртуар ұлы Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілген болатын. Биыл аталған спорт кешенінің дәл алдына ағамыздың ескерткішін қою жоспарланып отыр, - деді Бақтияр Мәкен өз сөзінде.
2001-2003 жылы туған жастар арасында өтіп жатқан турнирде балуандар 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 97, 130 келі салмақ дәрежелерінде бақ сынайды.
Байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 250-ден аса спортшы жиналған. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Елдегі карантин талаптарына сәйкес халықаралық турнир жанкүйерлерсіз өтіп жатыр. Көрермендер жарысты Qazsport арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.