Елордада генерал Сабыр Рақымовты еске алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Елордада Кеңес Одағының батыры генерал Сабыр Рақымовтың туғанына 120 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. 

Қарулы күштердің әскери-тарихи мұражайында оқушыларға арнап сахналандырылған экскурсия ұйымдастырылды. Оның басты тақырыбы аты аңызға айналған генералға арналған көрме болды. Экскурсияны «Майдан жолы» іздестіру жасағының жетекшісі, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайынов жүргізді. 

Бұл шара келушілерді сол кезеңге терең бойлатып, кейіпкердің тұлғасына деген қызығушылықты оятуға мүмкіндік берді. 

Ұлттық академиялық кітапханада аталған тақырып бойынша кеш ұйымдастырылды. Оған Шымкент қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері белсене қатысты. Олар музыкалық әуендер орындап, Сабыр Рақымовтың өмірі, жауынгерлік жолы мен ерліктері туралы өздерінің шығармаларын оқыды. Іс-шара соңында жазушы Әкім Ысқақ болашақ Отан қорғаушыларға өзінің «Тұңғыш генерал» атты жеке кітабын сыйға тартты. 

Сабыр Рақымов 1902 жылы дүниеге келген. Ол 20 жасынан бастап Қызыл әскерде қызмет етті. Ұлы Отан соғысының майдан даласында полк, дивизия басқарды. Бірнеше рет ауыр жарақат алса да, сапқа қайта оралған. 1943 жылы бірінші рет «генерал-майор» атағын алған қазақ. Ол 1945 жылы наурызда Польшаны азат ету кезінде қайтыс болды. 1965 жылы Сабыр Рақымовқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 

Бүгінде Шымкенттегі «Жас ұлан» республикалық мектебі қазақ халқының даңқты ұлының есімімен аталады. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы