Елордада генерал Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Салтанатты рәсім Мәскеу түбінде неміс-фашист басқыншыларымен болған шайқастың 82 жылдығы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Жерұйық» саябағындағы генерал Панфилов пен 28 гвардиялық-панфиловшылар ескірткішінде өткен іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері және Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері қатысты.
Мәскеу маңындағы қарсы шабуыл соғыстың бағытын түбегейлі өзгертіп, жеңіске деген сенімділікті арттырды, – деді отставкадағы генерал-майор Мүсілім Дайыров. – Ауа-райының ең қолайсыз, әрі қатал жағдайында әйгілі қазақстандық Панфилов дивизиясы фашистердің шабуылының негізгі бағытында маңызды рөл атқарды. Олар дұшпанның моторлы құрамаларын тоқтатып, техникаларын талқандады. Бұл жөнінде маршал Константин Рокоссовский өз естеліктерінде қазақстандықтарды жаудың ең басты соққысының бағытына қойдым деп жазады. Ал дивизия бұл тапсырманы абыроймен орындап шықты. Бауыржан Момышұлы осы шайқастан кейін полк командирі болып тағайындалды.
Мәскеу түбіне келген жауды жеңуге Қазақстанда жасақталған бөлімдер үлкен үлес қосқаны белгілі. 28 панфиловшылардың, Мәлік Ғабдулиннің, Бауыржан Момышұлының және генерал Иван Панфиловтың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Волоколамск қаласының маңындағы 28 панфиловшылар мұражайында Мәскеуге жақындаған жаудың бетін қайтарған қазақстандықтардың ерлігі туралы көптеген артефактілер сақталған. Мұнда қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары политрук Мәлік Ғабдулиннің, атқыштар полкінің автоматшысы Төлеген Тоқтаровтың, аты аңызға айналған қаһарман Бауыржан Момышұлының фотосуреттерін көруге болады.