Елордада футзалдан МИИР PRESS CUP турнирі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің University Sports Centre спорт кешенінде БАҚ өкілдері арасында футзалдан екі күндік МИИР PRESS CUP турнирінің ашылу салтанаты болып өтті. 

Іс-шараға ҚР ИИДМ аппарат басшысы Ерболат Мұқаев, ведомствоның баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы қатысты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұйымдастырған турнирдің мақсаты - қазақстандық БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, журналистер мен редакциялардың шығармашылық ұжымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Турнирге Қазақстанның әр өңірінен 18 команда қатысуға ниет білдірді. Жеребе қорытындысы бойынша олар 4 топқа бөлініп, әр топтағы екі мықты команда плей-оффқа жолдама алады. Турнир 23 сәуірде аяқталады деп жоспарлануда. Барлық ойын University Sports Centre кешенінде өтеді.

BAQ liga журналистер лигасы — БАҚ командалары арасында мини-футболдан тоғыз маусым көлемінде және волейболдан чемпионат өткізген, БАҚ ұжымдарына арналған кездесу алаңы. Жалпы BAQ liga өткізген жарыстардың барлық маусымына еліміздегі 70-ке жуық БАҚ-тан 700-ден астам журналист қатысты. Турнир серіктестері болып дәстүрлі түрде Qazaq geophysics және Kazakhmys barlau компаниялары табылады.

University Sports Centre – бұл ауданы 7 мың шаршы метрден асатын, волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол, күрес сияқты спорт түрлері бойынша жаттығу сабақтарын өткізуге, сондай-ақ арнайы спорт секциялары бойынша жарыстарға арналған заманауи кешен. Спорт кешені 2021 жылдың 25 мамырында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 25 жылдығын мерекелеу аясында ашылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы