Елордада Еуразиялық даму қорының штаб-пәтері ашылады
Сенаттың жалпы отырысында "2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң бұған дейін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Қаржы министрлігі өкілдерінің қатысуымен қаралған.
Хаттама Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын Еуразиялық даму банкінен бөлу қажеттілігіне байланысты жасалған.
Айта кетерлігі, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры 2009 жылы аймақтық қаржы тетігі ретінде құрылған. Ол қорға мүше мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанмен қатар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейдің экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.
Заңның міндеттері:
- ЕТДҚ-ны халықаралық құқықтың жеке субъектісіне айналдыру;
- Астана қаласында штаб-пәтердің ашылуы;
- Жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру үшін ЕТДҚ құрылтайшы мемлекеттерінің ұлттық валюталарын пайдалану;
- Нақты жобаларды өтеусіз қаржыландыру мақсатында нысаналы жарналардан қалыптастырылуы ерекшелігі болып табылатын траст-қорларды пайдалану.
Хаттаманы іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді. Сенаттың тұрақты комитеттерінің осы Заң бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ, - деп атап өтті Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов.
Қазіргі уақытта ЕТДҚ-ның құралдары қаржылық және инвестициялық несиелер мен гранттар болып саналады.