Елордада ескі заттар жәрмеңкесі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда жаңа форматтағы жәрмеңке өтті. Тұрғындар қажеттілігін жоғалтса да, сапасы сақталған заттарын әкеліп, көрмеге қойылған кез келген бұйымға айырбастады. 

Жәрмеңкенің жарнамасын әлеуметтік желіден көріп, қатты қуандым. Үйде керек болып қалады дейтін, бірақ босқа тұрған заттар көп. Солардың бәрін осында бергім келіп отыр. Кітап, сөмкелер, киімдер бар. Оларды қоқысқа тастауға қимаймын. Әрі оның орнына жаңа нәрсе алуға болады, ол тіпті керемет. Жиі ұйымдастырылса екен, – дейді елорда тұрғыны Нұржігіт Тасболатов. 
Шараны Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы Green tall әлеуметік дәмханасымен бірлесіп, «BizBirgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасының аясында ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, айырбастың бұл түрі заттарға "жаңа өмір" сыйлап қана қоймай, уақыт пен қаражатты, түрлі ресурсты үнемдеуге септігін тигізеді.
Шара мақсаты: екінші өмір сыйлау, астарында экология мәселесі тұр. Тұрғындарға ескі затты сұрыптауға болатынын көрсету. Бұл елорда бойынша екінші рет өткізіліп жатыр. Жәрмеңкеге түрлі заттар алып келуде. Кітап, киімдер, күртешелер, аяқ киімдер мен түрлі әшекей-бұйымдар, су жаңа гаджеттерді де көруге болады. Алдағы уақытта да ұйымдастыру ойда бар. Келушілер дән риза, – дейді республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова.

Жәрмеңке соңында қалып қойған заттар қайырымдылық ұйымдары мен әлеуметтік дүкендерге тапсырылды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы