Елордада ескі сквердің орнына жаңа қоғамдық кеңістік салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көктал - 2 тұрғын алабындағы ескі сквердің орнында жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Тарбағатай және Құсмұрын көшелерінің арасында демалыс аймағы, воркаут-аймақ, инклюзивті ойын алаңы, көлеңкелі шатыр, іс-шараларға арналған сахна салынады.
Сондай-ақ, мұнда жергілікті тұрғындардың белсенді демалысы үшін теннис және шахмат үстелдерін орналастыру жоспарлануда. Серуендеу үшін қолайлы орта жасай отырып, көгалдандыру қарастырылған. Аудан тұрғындары бұл қоғамдық кеңістікті "Қорғалжын саяхат" деп атауды ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, аудан белсенділері аталған аумақты абаттандыруды өтінген болатын. Жергілікті тұрғындардың қалалық урбанистика орталығы және аудан әкімдігі өкілдерімен кездесулерінен кейін барлық тілектер мен ұсыныстарды ескере отырып, бірлескен тұжырымдама әзірленді.
Бірлесіп жобалаудың нәтижелері бойынша Сарыарқа ауданының әкімдігі іске асыруға кірісті. Жаңа қоғамдық кеңістікті шілде айында ашу жоспарланып отыр.
"Нұр-Сұлтан-жайлы қала" мастер - жоспары аясында биыл елордада 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.