Елордада есігін жауып алып, жұмыс істей берген клуб анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары бірнеше айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қаланың кәсіпкерлік нысандары арасында карантин бұзушыларды анықтауда.
13 маусымда Нұр-Сұлтанның үш ауданында карантинді бұзған 4 мекеме анықталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мониторингтік топтар төмендегі мекемелерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сарыарқа ауданында Қосшығұлұлы көшесі, 21 мекенжайындағы Enjoy компьютерлік клубы карантин режимін бұза отырып жұмыс істеді.
Ал Есіл ауданында Тұран даңғылы, 2 мекенжайындағы Aura Alanya Alanya клубы есігін жауып алғанмен жұртшылықты қабылдады. Сарайшық көшесі, 5 мекенжайындағы Brooklyn бары карантинді бұза отырып жұмыс істеді.
Алматы ауданында карантин режимі Айнакөл көшесі, 20 мекенжайындағы «На дровах» саунасында бұзылғаны анықталды.
Жиналған материалдың бәрі тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды, - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауы керек.