Елордада ерекше шырша қойылды
Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Елордада бүгін қолдан тоқылған шырша орнатылды. Бұл шара әлемнің бірнеше елінде қолдау тапқан.
Шырша қазақтың құрақ көрпе құру техникасы арқылы жасалды. Әлеуметтік акцияға 50-ден астам ерікті қатысты. Сондай-ақ, Алматы, Ақкөл, Көкшетау, Қарағанды қалаларының тоқымашылары бірігіп, өз жұмыстарымен бөлісті.
Мақсат - темір қаңқасына әдемі тоқылған тоқыманы жасау. Ондаған шебер осындай ерекше жаңажылдық туындыны жасау үшін тынбай еңбектенді. Белгіленген өлшем бойынша 20х20 көлемімен жүздеген құрақ жасалды.
Бұл жобаның жүзеге асуына қазақстанның түкпір-түкпірінен тоқыма өнерінің жанашырлары атсалысты. Үй шаруасындағы аналар, қарттар үйіндегі ата-әжелер де осы жобаны жүзеге асыруға қол ұшын берді.
Шырша түрлі-түсті тоқылған құрақтан құралған. Ол қазақтың дәстүрлі "құрақ көрпесі" іспеттес. Біз құрақтарды тоқып, оларды біріктірдік. Құрақтарды тоқуға 3 жастан 70 жасқа дейінгі еріктілер қатысты. Жаңа қала қонақтары мен тұрғындары қазақи шыршаны безендіруге қуана көмектесті, - дейді "Мейірім геометриясы" акциясының ұйымдастырушысы Рахима Мукушова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шырша елордаға тұрғындар атынан жасалған қайырымды сыйлық болмақ. Жобада 3 жастан асқан балалар мен әжелер, ерекше балалар мен олардың аналары, көпбалалы аналар атсалысты.
Жоба 14 желтоқсанда бастау алып, қазіргі күнге дейін жалғасуда. Шыршаның биіктігі 3,8 метрді құрайды, оған 400-ге жуық құрақ жұмсалды.
Айта кетейік, қолдан тоқудан туындаған бұл жаңа сәнді хобби "ярмбомбинг" деп аталады. Бұл қала көшелерін тоқымамен сәндеу өнері. Осыған ұқсас жаңажылдық ағаштар Германияда, Италия мен басқа да елдерде безендірілген.