Елордада ерекше мектеп ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. BINOM SCHOOL – BI Group инновациялық құрылыс холдингі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі арасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асырылатын білім беру саласындағы бірегей жоба.

1 қыркүйекте оқушыларды Nova City мөлтекауданындағы алғашқы BINOM мектебі қабылдайды. Тағы үш мектеп 2021 жылдың соңына дейін салынады.

BINOM – аралас тілде оқытатын мектептер. Мұнда оқу тегін: балалар оқуға ҚР білім беру ұйымдарының оқуға қабылдау ережелері арқылы қабылданады. BINOM шын мәнінде оқушыларға қолжетімді және сапалы білім беруге бағытталған. Мектептердегі тәрбие үрдісі Amanat концепциясына – ұлы философ, шығыстанушы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінде негізделген құрмет, қамқорлық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік, жетілдіру қағидатына сүйенеді – дейді мектеп директоры Құралай Байтажикова.

Жоба оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және үш ауысымды мектептердің жүктемесін азайтуға бағытталған.

Бүгінде Қазақстан бойынша 260 мың оқушы, ал елордада 26 мың бала мектептегі орын тапшылығын сезінуде.

Әр BINOM мектебінде 2 ауысымда 4 мың оқушы оқиды. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында төрт BINOM мектебін пайдалануға беру жоспарлануда. Осылайша 16 мың оқушы орынмен қамтылады. Әр сыныпта 25 оқушы оқиды – дейді директор.

Әрбір BINOM мектебі – физика, химия, биология, нано және биотехнология бойынша 127 кабинет, жетілдірілген 9 зертханасы бар 5 қабатты ғимараттан тұрады.

Сондай-ақ, мектепте 100 орындық кинозалы бар.

Оның сыртында мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар бар.

Мектепте шығармашылық эксперименттерге арналған 3D-принтер, робототехника кабинеттері, металл және ағаш ою шеберханалары, Speaking Club, TedxBinom және т.б. ұйымдастырылған.

Асхана, медициналық пункт жұмыс істейді. Мектеп кітапханасында 5000-нан астам кітап, соның ішінде қазақстандық және шетелдік жазушылардың, әлемнің ең мықты классиктерінің танымал жинақтары бар.

Мектепте балаларды оқыту процесі үшін стационарлық компьютерлерден бөлек ноутбуктер де қарастырылған.

Мектептердің тағы бір артықшылығы – инклюзивті білім беру мүмкіндігі. BINOM SCHOOL-да білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы оқыту ортасы жасалды – дейді BINOM EDUCATION компаниясының атқарушы директоры Шолпан Қадырова.

Екі спорт залы, ауладағы бірнеше алаң балаларға футбол, волейбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Work-out аймағы да бар.

BINOM SCHOOL-ға мұғалімдерді іріктеу Jumys Smart Nation ірі интернет-платформасында жүргізіледі. Бұл қосымша еліміздің барлық өңірінен 270 000-нан астам оқытушыны қамтуға және олардың ішінен өз пәнінен мықтыларын таңдауға мүмкіндік береді. Екі кезеңдік конкурстық іріктеудің (тестілеу және әңгімелесу) нәтижесінде бірінші BINOM мектебіне үздік 300 мұғалім қабылданды – дейді мектеп директоры.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Мектеп бейнебақылау камераларымен толық қамтылған (200 дана). Мектепте камераға түспей қалатын бұрыш жоқ. Мектепке кіру және шығу турникеттермен басқарылады. Күзет пункттері ұйымдастырылды. Сонымен қатар мектеп нысаны антитеррористік қорғау құрамына енгізілген.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы