Елордада ерекше балалар арасында спорттық эстафета сайысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ботаникалық бақта қалалық спорт басқармасы мен «Есіл» ауданының ұйымдастыруымен және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бақытты шаңырақ» қорының мүмкіндігі шектеулі балалары арасында «Көңілді старт» жарысы өтті. 

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Балалар жылына және 1 маусым балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шараның өтуіне түрлі әлемдік додаларда, Олимпиада ойындарында көк туымызды желбіретіп, сан мәрте әнұранымызды шырқатып жүрген Серік Сәпиев, Мерей Ақшалов, Марина Вольнова, Абзал Әжіғалиев, Дмитрий Морозов, Валентина Хальзова, Жасұлан Әкімжан, Әлішер Кәрменов және Сәбит Жүсіп сынды спортшылар атсалысты.
Шарада қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев жігерлі өрендерге сәттілік тіледі.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде бұл жандарға кедергісіз аймаққа айналуды көздеген түрлі әлеуметтік, психологиялық шаралар аясы қаламызда ауқымын кеңейтіп келеді. Біздің мақсат – мүмкіндігі шектеулі балаларды спорттық ойындарға деген бейімділігін, денсаулықтарын жаңғырту, спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, дене қозғалыстарын жетілдіру және дене шынықтыру жаттығуларымен өз бетінше шұғылдануға ынталандыру, сол сияқты этикалық және эстетикалық тәрбие беру. Сонымен қатар, балалардың өздерін қоғамға пайдасы бар адам ретінде сезіндіруге атсалыстыру, – деді ол.

Жарыста балалар доп лақтыру, кедергілерден өту, ұзындыққа жарысу сынды сайыс түрлерінен өзара бақ сынасты. Балаларының жеңіске деген ұмтылысына тәнті болған ата-аналар мұндай жарыстар кішкентайларға жігер беріп, өмірге деген оң көзқарастарын қалыптастыратынын атап өтті.
Эстафета соңында оқ бойы озық шыққан топтар марапатталып, қатысқан барлық балаларға арнайы дайындалған сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы