Елордада ерекше арт-нысан пайда болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтанда Нұрлы жол желекжолында «Жүрек жылуы» атты жаңа арт-нысан орнатылады.
Бұл ерекше арт-нысанды «Мейірімділік шуағы» іс-шарасына қатысушылар өз қолымен тоқып, қала тұрғындарына қолөнершілер атынан қолдау белгісі ретінде сыйға тартты.
«Bergen» әлеуметтік шеберханасының жетекшісі, әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышеваның айтуынша, арт-нысан пандемия кезінде алдыңғы шепте адам өмірі үшін күрескен дәрігерлер мен волонтерлерге арналған.
«Жүрек жылуы» - бұл пандемия кезінде адамдарды құтқаруға атсалысқан дәрігерлерге және барлық адамдарға деген алғысымыз. Инсталляцияның жасыл түсі – бұл табиғат түсі және Қазақстан мен басқа да елдердің тез арада «жасыл аймаққа» көшуін және жақын арада әлемнің осы ауруды жеңуіне деген тілегіміз, - деді Мұқышева.
Арт-нысанды дайындауға елордалық 70-ге жуық тоқымашы қатысты.
Рахима Мұқышева атап өткендей, іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Есіл» ауданы әкімдігі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Креативті индстрияларды дамыту орталығының» қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Осы арт-нысанды дайындауға 5 жастан 70 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Сондай-ақ жұмыс маусымның аяғында басталды, - дейді әлеуметтік кәсіпкер.
Еске сала кетейік, былтыр белсенділер елорданың жаңа жылдық безендірілуіне қатысуға шешім қабылдап, «Құрақ көрпе» стиліндегі 6 метрлік ЭКО-шырша тоқыған болатын.
Ол қаланың көрікті жеріне айналып, қонақтарды да, қала тұрғындарын да қуантқаны белгілі.