Елордада емханаға тіркелу науқаны басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өз таңдауыңыз бойынша қалаған емханаңызға тіркелуге болады, деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ. .
Елордада медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымдарына тіркелу науқаны басталды. Тұратын аумағы шегінде еркін таңдау бойынша жыл сайынғы компания басталады. 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өз таңдауыңыз бойынша тұрғылықты ауданыңыздағы қалаған емханаңызға тіркелуге болады.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушілерінің арасында 35 ұйым алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Олардың 15-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар.
Тіркелген пациенттердің денсаулығын дәрігер үнемі бақылай алуы үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау ұсынылады. Осылай еткен жағдайда, емхана дәрігерлері қажет кезінде пациенттердің үйіне барып қарай алады, бұл, әсіресе, пандемия кезінде өте маңызды.
Белгіленген науқан аралығында емханаға (медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымдарына) тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. 2021 жылға арналған қаржыландыру, тұрғындардың медициналық ұйымдарға бөліну (тіркелу) көрсеткіші ескеріліп, яғни, тіркелу науқанының қорытындысына қарай жоспарланады. Қор медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүргізетіндіктен, дерекқордың нақтылығына, дұрыстығына мүдделі, өйткені әрбір тіркелген тұрғын үшін төленеді, – деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.Емханаға тіркелу бірнеше жолмен жүзеге асырылады. Электронды үкіметтің веб-порталы арқылы жүгінген кезде ЭЦҚ болғанда ғана тіркеле алады. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті өткен жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түріндегі тіркеу туралы хабарлама беріледі.
Тұрғындардың жекелеген санаттары тікелей емханаға келіп те тіркеле алады. Ол үшін еркін түрде жазылған өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер; колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.
Назар аударыңыздар, тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген, сондай-ақ ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызмет көрсететін медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелуге болатын емханалар тізімін Қордың сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінен қарауға болады. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын тіркелген емханаларында медициналық көмек алуды жалғастырады, - делінген ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде ем алуға құқылы. Ал жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет.
Азаматтар өздерінің медициналық сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы біле алады.