Елордада емханаға еркін тіркелу науқаны жалғасып жатыр

Қазақстанда, соның ішінде елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын еркін таңдау бойынша тіркелу науқаны жалғасуда,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің Мәлімдеуінше, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі ай бойы, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өткізіледі.

Қазіргі уақытта астаналықтар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 медициналық ұйымға тіркеле алады. Олардың 16-сы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар. Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді. 

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелген пациент учаскелік дәрігердің қабылдауы, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмектерге қол жеткізіп, қажет жағдайда ауруханаға жатқызуға жолдама алады.

Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс. Биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол клиниканың қызметін пайдалана берсе болады, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Рысқалиұлы Қабдықапаров. 

Медициналық көмексіз қалмауы үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталындағы жеке деректерде (ЭЦҚ арқылы авторизациялау) тіркелу мәртебесін тексеруі қажет.

Емханаға қалай тіркелуге болады?

 Бірінші әдіс (барлық азаматарға арналған) - www.egov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы, порталдың «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Ары қарай электрондық өтініштің барлық жолдарын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама беріледі.

Екінші әдіс халықтың жекелеген санаттарына арналған, олар жеке басын куәландыратын құжат көрсету арқылы емханаға тікелей жүгіне алады. Атап айтар болсақ, зейнеткерлер, мүгедектер, қамқоршылар тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектер, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер, колонияда жазасын өтеушілер, студенттер, мерзімді қызмет әскери қызметшілері, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер осы екінші әдіс арқылы емханаға тіркеле алады.

Тіркелу орнында маман-дәрігерді таңдау учаскедегі тіркелген тұрғындардың санын есепке ала отырып, жүзеге асырылады. Жалған ақпарат берілген жағдайда; пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған уақытта; жалпы практика дәрігеріне тіркелген халықтың саны 1700 адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда; тіркелетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін. Емханаға тіркеу немесе тіркеуден дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде орындалады, - деп түсіндіреді №9 қалалық емхана өкілі Майра Сарбасқызы Рыспаева.

Естеріңізге саламыз, тіркеу науқанына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімімен Қордың ресми сайтының https://fms.kz/kz/useful-to-know/vybrat-kliniku/ «Емхана таңдау» бөлігі арқылы танысуға болады.

Азаматтардың емханаға тіркелуі өте маңызды. Себебі,  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер осы емханалар арқылы ұсынылады. 

Егер сізде медициналық қызметтерді алуға байланысты сұрақтар туындаса, Қордың ресми кері байланыс арналары - 1406 байланыс орталығы, "Qoldau 24/7" мобильді қосымшасы, Қордың www.fms.kz сайты,  Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы өтініш қалдыруға болады. 

Осы арналар арқылы сақтандыру мәртебесін де тексеруге болады. Сондай-ақ, сақтандыру мәртебесін және жүргізілген төлемдер туралы egov.kz ҚР электрондық үкіметі сайтының "Денсаулық сақтау" бөлімінде "Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат" мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы