Елордада елдегі көмір өнеркәсібіне арналған форум өтіп жатыр

Астанада еліміздің көмір өнеркәсібіне арналған форум өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиында «жасыл технологияларды» дамыту – негізгі бағыт ретінде таңдалған. 

Форумның 20 мамандандырылған сессиясына әлемнің 23 елінен мыңнан астам делегат бас қосты. 

Олардың қатарында Бельгия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Канада, Түркия сынды мемлекеттерден келген делегаттар бар.

Екі күнге жалғасатын форумда өндірушілер саланың әр бағыты бойынша міндеттерді, проблемалық мәселелер мен олардың шешу жолдарын сарапқа салады.

Форум салааралық инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтеді. Жаңа келісімшарттар жасауға және қазіргі заманауи сын-тегеуріндерге жауап беретін бірлескен шешімдер әзірлеуге жол ашады. Сондай-ақ маңызды минералдар мен жасыл металдар бойынша сессиялар да өтеді, - дейді жиынды ұйымдастырушылар.

Сонымен қатар бағдарлама аясында бос орындар жәрмеңкесі де өткізіледі. Онда тау-кен, өңдеу, металлургия компаниялары үздік студенттерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік ұсынады.

Жиынға саланың еңбек сіңірген қызметкерлері арнайы шақырылған. Олар жас мамандармен өздерінің көпжылдық жемісті тәжірибесімен бөліседі деп күтіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы